Instagram әлеуметтік желісінде "Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 13 мамырда 60 жасын Ақтөбедегі ең қымбат ресторанда өткізді" деген пост пайда болған. Онда "шенеуніктер тойға қызмет көліктерімен келді" деп те жазылған.
17 мамырда орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Ералы Тоғжанов мерейлі жасын атап өткенін растап, "ең қымбат ресторанда өтті, әкімдер қызмет көліктерімен келді" деген ақпаратты теріске шығарды.
– 13-іне қараған күні балаларым, достарым келіп туған күніммен құттықтайтыны бар. Бұл – дәстүріміз. Маңғыстауда да сөйткенбіз. Олар бірде Астанаға да айтпай келген. Сол себепті туған күнімді отбасыммен бірге үйде атап өтемін. Ертеңіне Қобда ауданына кетіп, кешке дейін жұмыста болдым. Бірақ адамдар мені туған күнін міндетті түрде атап өтеді деп ойлайтын болса керек. Ол күні бірде-бір қызмет көлігі болған жоқ, болуы да мүмкін емес, – деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Брифинг кезінде Ералы Тоғжанов облыс әкімі ретінде 1 миллион 900 мың теңге жалақы алатынын да айтты.
Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі кезінде жалақысын айтдан бас тартқан болатын. 2022 жылы күзде Тоғжанов Ratel порталы тілшісінің сұрағына "Мен сізден жалақыңыз қанша деп сұарамаймын ғой" деп жауап берген.
Мемлекеттік қызметкерлерге жалақы бюджет есебінен төленеді. Сол себепті шенеуніктің жалақысы құпия немесе адамның жеке басы туралы мәлімет қатарына жатпайды.