5 мамырда Астанада ғалым Нұртаза Қадырниязов Қытаймен арада визасыз режимді алып тастауды талап етіп, президент әкімшілігі, парламентке петиция тапсырды. Алматыдан келген ғалым петицияға 650 адам қол қойғанын айтты.
Ол халқы аз, жері үлкен Қазақстан сияқты елге 1,7 млрд халқы бар Қытай сияқты ел азаматтарын визасыз кіргізу қауіпті деп есептейді.
– Кезінде 90-жылдары Австралия Қытайға осылай жол ашқан болатын. Қазақстан сияқты жері үлкен, халқы аз – 25 млн халқы бар Австралияда қазір 1,5 млн қытайлық азаматтық алған, 1,2 млн қытайлық заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Туып жатқан сәбилердің басым бөлігі – қытайлықтар. Бұл өте қауіпті. Қытайда 2016 жылға дейін "Бір отбасы – бір бала" заңы болды. Оны 2016 жылы алып тастады. Қытайда 2017 жылдың өзінде 17 млн сәби дүниеге келген. Қазақстандағы рекорд көрсеткіш – 330 мың сәби. Қытай әуелі экономикаға кіреді. Бірте-бірте экономикалық тәуелділік саяси тәуелділікке айналуы мүмкін, – деді Нұртаза Қадырниязов Азаттыққа.
Ол елдің шикізат игеру саласында Қытайдың үлесі одан әрі артып бара жатқанын да айтып, Қытайға тәуелділік артуы түбінде жақсылыққа апармайды деді.
– Ақтөбе облысының өзінде мұнайдың 90 пайызын Қытай шығарып отыр. Қызылорда облысында бұл көрсеткіш – 65 пайыз, Атырауда 30 пайыз. Қытай бізді қарызға да батырды – 9 млрд доллар. Бұл – үлкен ақша. Қытай ешқашан ешқандай мемлекеттің қарызын кешірмейді, – деді ол.
Ол петицияны президент әкімшілігі мен парламенттің қабылдау бөлмесіне тапсыратынын айтты.
Азаттық тілшісі Ақордаға баратын көпірдің маңында алматылық ғалымнан сұхбат алып тұрған кезде арнайы жасақтың бірнеше өкілі келіп, "қайда бара жатсыңдар, не істеп жатсыңдар?" деп сұрады. Бұдан кейін ғалым арнайы жасақтың бір өкілімен Ақорда жаққа қарай беттеді.
Қазақстан мен Қытай былтыр жазда 14 күндік визасыз режим енгізген. Алдағы уақытта Астана мен Пекин осы режимнің мерзімін 30 күнге жеткізуді жоспарлап отыр.
Екі жақ арасында алдағы уақытта қол қойылады деп отырған келісімге сәйкес, қазақстандықтар Қытайда, қытайлықтар Қазақстанда шекараны кесіп өткен сәттен бастап визасыз 30 күн – 180 күнтізбелік күн ішінде, жалпы алғанда, 90 күн визасыз жүре алады.
Визасыз режим тек туристік, жеке және іскерлік мақсатта сапарлайтын азаматтарға қатысты. Бұл режим аясында жұмыс істеуге тыйым салынған.
Осы ақпарат тарағаннан кейін Қазақстанның бірқатар өңірінде тұрғындар Қытаймен арадағы визасыз режимді алып тастауды талап ете бастаған.
Өткен аптада Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Қытаймен уақытша визасыз режим енгізілсе, Қытай азаматтары Қазақстанға жаппай тұрақты қоныстана бастайды деуге негіз жоқ" деп мәлімдеген. Министрлік мұндай режимнен "қазақстандықтар ұтатынын", ол елдің инвестициялық ахуалына да жағымды әсер ететінін айтқан.
Видео: Қытаймен арада виза режимі жеңілдемек. Жұрт неден қауіптенеді? (28 сәуір 2023 жыл).