АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда былтырғы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік кезінде әкімшілік ғимараттар өртеніп, дүкендер, дәмханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, банк кеңселері қирады. Қала құрылысын бақылау бөлімінің мәліметінше, 337 объект бүлінген, оның оны – мемлекеттік мекеме. Олар – Алматы әкімшілігі, Президент резиденциясы, Бас прокуратура, «Qazaqstan» телерадиокомпаниясы мен Алматы қаласы полиция департаментінің алты ғимараты. Ең қатты зардап шеккен - Республика алаңы аумағында орналасқан нысандар. Бүлінген ғимараттардың көбі қалпына келді, кейбірі толықтай бұзылды. ҚазАқпарат фототілшісі «Қаңтар» арнайы жобасы аясында қайғылы оқиғадан кейін бір жылға жуық уақыт өткенде зардап шеккен ғимараттарды аралап, суретке түсіріп қайтты.