Гүлмира Уәлиева есімді кәсіпкер экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасының "алаяқтығынан жапа шеккенін" мәлімдеп отыр.
29 сәуірде астанада болған баспасөз жиынында ол 2019 жылға дейін экс-президенттің құдасы, Әлия Назарбаеваның қайын атасы Ғабит Досанов пен Тоқтар Сәдуақасов есімді адамға "табысты компаниялары үшін" 1,3 млн доллар беріп, әлі күнге дейін соны қайтара алмай жүргенін айтты. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, қомақты сома кезең-кезеңмен берілген, ұзын саны "төрт компанияға ақша құйылған". Екеуі – құрылыс, біреуі – телекоммуникация, бірі темір жол саласындағы компания.
"Олар маған компанияларды ісі алға басқан, жұмыс істеп тұрған компаниялар деп таныстырды. Ақшаны аударған кезде келісім-шартты қалай жасаймыз деп сұрап едім, аталған компанияның 9 пайызын атыңа рәсімдейміз деді. Сол себепті алғашқы транштар болды. Бірақ кейін оның жұмыс істемей тұрғаны белгілі болды. Оның базасы, техникасы өзінікі емес..." деді баспасөз жиыны кезінде Гүлмира Уәлиева.
Ол қомақты қаражатты аталған екі адамның есепшотына аударғаны, Досановтың ақша алғаны туралы қолхаты сияқты "түрлі құжаттарды" көрсетті. Кәсіпкер қазір соның салдарынан банктегі несиелері өсіп кеткенін, қазір банкке өсімімен есептегенде 980 млн теңге қарыз екенін айтты.
Ол бұған дейін полицияға шағымданғанмен қылмыстық іс жылжымай отырғанын айтты. Уәлиева тергеу амалдарының сылбыр жүруінің себебін Досановтың "Назарбаев отбасына жақындығымен" байланыстырады.
"Бірінші кезекте олардың жауапқа тартылғанын қалаймын. Себебі, мұндай заңсыздықтар болмауы тиіс. Бұл қорқынышты жайт. Егер оларды тоқтатпаса, махинациялар әрі қарай да жалғасуы мүмкін" деді ол.
Кәсіпкер баспасөз жиыны кезінде Ғабит Досановпен 2015 жылы алғаш танысқан кезде әуелі дос болғандарын, кейін екі жарым жылдай "жақын қарым-қатынаста" болғанын айтты. Ол бұл істен Досановтың отбасы мүшелері, оның ұлы – Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов та хабардар екенін жеткізді.
Азаттық тілшісі 29 сәуірде кәсіпкер айыптап отырған екі адамға хабарласуға тырысты. Азаттық тілшісінің сұрақтарын "толық естігісі келмей", сөзін бөлген Тоқтар Сәдуақасов "мен жауап беруден бас тартамын, қазір іс – полицияда, анық-қанығын полиция анықтайды" деп телефон тұтқасын қоя салды. Ал Ғабит Досановтан жауап алу мүмкін болмады.
Қазақстанда кейінгі кезде "экс-президенттің туыстарынан жылдар бойы құқай көрдік", "рейдерлік жасады" деп мәлімдеме жасаушылар жиілеген. Сәуір басында Almaty steklo зауытын құрған кәсіпкер Әзім Абдуллаев кәсібіне экс-президенттің інісі Болат Назарбаев рейдерлік шабуыл жасап, тең жартысын иеленіп алғанын айтып шағымданған. Кейін аталған шағымды құқық қорғау органдарының тексере бастағаны хабарланған.