25 сәуірге қараған түні Түркістан облысы Қазығұрт және Сарыағаш ауданында болған селден кемі төрт жүз мал қырылып, 18 үйге су кірді. Бұл туралы оқиға орынында жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.
Отбасымен мал бағып күн көретін Сарапхана ауылының тұрғыны Ғазиза Батырханова нөсер жаңбырдан кейін шамамен 20 минутта сел жүріп, су адам бойына жеткенін айтады. Ол қорасындағы ірі қара мен төрт жүз қойдың жартысына жуығын шығарып үлгергенімен, қалғаны лай суға тұншығып, қорасында өлген.
- Бұл - 25 отбасының қойы еді. Біз жаятын едік. Түнгі сағат тоғыздар шамасы су келді. Үйден шыққанымыз сол-ақ еді, су кеудемізге дейін көтерілді. Үлгере алмадық. Ірі қала мал мен жылқыны шығардық. Қойдың қорасы суға толды. Қораны бұзып 187 бас қойды аман алып қалдық. Қалғаны тұншығып өлді, - дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, төтенше жағдай туралы алдын-ала ескерту болмаған. Сумен бірге ағып келген лай аула мен қораларды басып қалған. Таңға дейін өз күштерімен тазалауға тырысқан.
- Таңертең әкімдікке көмек сұрап бардық. Техника берейік, өздерің жанармайын құйып тазалатыңдар деді. Енді сол көмек күтіп отырмыз, - дейді Жіңішке ауылының тұрғыны Меңдібай Жұбатов
Ауданда төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі анықталып жатыр. Аудан әкімдігі дүйсенбі түске дейін селден суға ағып не тұншығып өлген 312 мал тіркелгенін, нақты саны әлі есептеліп жатқанын хабарлады. Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, селден 53 үйдің ауласына су кірген.
"18 үйге, бір мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кірген. Адам шығыны жоқ. Қауіп-қатер сейілген. Эвакуацияланған тұрғындар үйіне қайтты" дейді әкімдік.