Мұхтар Әуезовті алғаш көруім 1959 жылы еді. "Айман-Шолпанды" тамашалайын деп драма театрына барғам. Театр онда қазіргі Наурызбай батыр көшесіндегі ескі ғимаратта болатын. Спектакль маған айрықша әсер етті. Жыр сұлбасына бұрыннан қанықпын ғой, бірақ өзіңе белгілі кейіпкерлерді сахнадан көрудің жөні мүлдем бөлек екенін аңғардым. Дөңестеу тау етегіне ұқсатып жасалған сахна төрінде шапанын жастанып Көтібар батыр жатыр күңіреніп.
Ой, һай-һай, дәурен-ай,
Басқа түскен әурені-ай!
Қатар құшып жатар ма ем
Екі бірдей сәулені-ай! —
дейді ол. Дірілдеген зор дауысы залды түгел күмбірлеткендей болады. "Екі бірдей сәулесі" — Айман мен Шолпан. Көтібарды ойнап жүрген марқұм Ыдырыс Ноғайбаев еді де, ағайынды екі қыз рөлінде Шолпан...