Таңғы шабытта сонау көк жотаға дейін бытырай жайылып, өрістеп кеткен қоралы қойдың алдын кері қайырып, ауылға қарай төңкерген Қалқаман төрт тарапқа көз жіберіп, осы арада біраз бөгеліп тұрып қалды. Қазір жайлаудың әбден толықсып піскен кезі. Айнала-төңірек — әлі із түспей тусырап жатқан жап-жасыл дүние. Желкілдеген жердің түгін бұл күнде жейтін ауыз жоқ. Не өспейді бұл төңіректе?! Көк сірік пен бітік бетеге, қазоты мен қарабас шалғын, таубұршақ пен сарбас жоңышқа... Былтырғы ақ шөппен араласып, жабағы боп ұйысып қалған. Несін айтасың, нағыз «бір май, бір еттің» өзі.
Бір кезде «Аршалы» совхозының алпыс мың қойы еркін жайлаған сонау Қыземшек, Аюлы, Коккайнар жайлаулары қазір...