Таң сібірлеп атып келеді. Шығыс көкжиек құланиектеніп, күн мен түн өзара тартысқа түскендей, дүние көгілдір мұнарға оранып сәл тұрды да, көп ұзамай жарық сәуле үстемдік ала бастады. Таң шапағы жота-жондар мен жапама жартас беттерін арайға бөлеп, түн қараңғылығы теріскейдегі орман алқабына, терең құз-шатқалдарға қарай шегініп бара жатты. Бүгін күн ашық болатын түрі бар. Сай-сайдан үлпілдей көтерілген ақ үрпек тұман тез қанаттанып, бір-біріне тұтаса жылжып, тау мойнына оралған ақшарбы бұлттар легіне біртіндеп қосылып жатыр.
Бұл Жоңғар Алатауының Тоқта тауына тірелетін терістік сілемдерінің бірі еді. Төменде өз етін өзі жұлып жеп, ақ көбігін аспанға атқан Тентек өзені буырқанады. Аңғардың сол жақ қапталындағы...