«Тасбұлақта Әкпар деген біреу мешіт салдырып жатыр» дегенді естігенде, көп жылғы коммунистік насихат пен атом полигонының зардабынан миы айналып кеткен жұрт ештемеге түсінбей аңырып қалды. Қайдағы мешіт? Қайдағы Әкпар? Барқытбелдің бөктеріндегі бұл жұрт мешіт атаулыны осыдан жетпіс жыл бұрын жермен-жексен етіп, шатып тастаған жоқ па еді? Бұл ел құдайды ұмытып кеткелі қашан! Қазір жасы жетіп отырған қарттарының өзі — күні кеше: «Қазақтың кедейі, қол ұстас жалшымен. Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен!» деп ән шырқаған белсенділер. Көп жылдардан бері бұл маңай өлген адамның жаназасын жасырын шығарып, құранды құпиялап оқитын болған. Жалпы, бодандық бұтауын қос қабаттап киген бұл өңірдің бостандық, еркіндік...