Әдетте таулы өлкедегі қыстың соңы жиі-жиі бұрқасын-боранды болып, аласапыран өлараның кезінде сай-сүйекті сырқыратып мезі қып жіберер қарасуық жел соғатын. Теріскей тұстағы аласа қоңыр таудан асып кеп үйіре соғып апта бойы аңырап тұрып алғанда ауыл орталығы — Алмалының төңірегіндегі қары кетіп үлгірмеген жота-дөңдердің шаңы шығып, елдің де, жердің де берекесін кетіретін. Биыл табиғат сол тәртібінен жаңылғандай, — әлде әлгі қара суық жел жылдағы жолынан адасып, басқа жақа ауып кетті ме, болмаса бір бағытпен соға беруден өзі де мезң болды ма, кім білсін, — әйтеуір бұл көктем ерекше жаймашуақ басталды. Қыстың ызғары тез қайтты. Маужыраған жып-жылы күндер, тып-тымық түндер тізбектеліп өтіп жатты......