Почтаға телефонға шақыртып кеткен Тортай тез қайтып оралған.
— Құдаң қонаққа келсін деп шақыртып жатыр, — деді шешесіне күңкілдеп. Қатулы екені үнінен де, түйілген қабағы мен түнеріңкі түрінен де көрініп тұр. Өзі түні бойы қырманда болып ұйықтамаған, екі көзі қызарып, үсті-басы шаң-шаң, беті қолын да жумаған екен, шаңытқан ұсақ топан тұтып тұр, қайратты қалың шашы аңызақ қаққан құрғақ селеудей тікірейіп кетіпті.
— Келін қайда, қашан кайтады екен? — деген Қатша қарсы сұрақ қойып.
— Қайтпайды, — деді баласы отау бөлмеге өтіп бара жатып.
— Не дейді?! Не боп қапты?!
— Е, мен қайдан білейін. Барсаң өзінен сұрарсың неге қайтқысы келмейтінін....