Адамның ойына бір нәрсе келсе немесе әлденеге іштей бел буса, сол сәттен бастап ол күні-түні естен шықпай алаңдата береді екен-ау. Әлима осыған аң-таң. Ешкімге айтпаған бір ойы, ешкіммен бөліспеген бір жоспары... ызыңдаған шыбындай мазасын алып, ойынан шықпай қойғанына бірталай уақыт болды.
Шынын айтқанда, ол біреумен бөлісе қоятындай жақсы жоспар да емес еді... Алғашында, есіне түсіп кеткен кезде денесі дір-р ете қалып, аза бойы қаза болып, шошынатын. Жылмаңдаған арам ойдан тезірек құтылғысы келіп, көңілін басқа нәрселерге аударып, көшенің шуылына, адамдардың абыр-дабырына құлақ түріп, далбасалайтын. Бірақ, не сиқыры барын кім білген, қанша құтылмақшы болып әуре-сарсаңға түссе де ұры ой жылмаңдап, соңынан бір...