Бөлме тыныштығын телефон шырылы бұзды.
Үстел үстінде жатқан сән журналдардың біреуін парақтап, өрімдей арулардың мінсіз мүсіндеріне қона кеткен әсем киімдер мен олардың балғын жүздерінің сұлулығын әспеттеген әр суретке қызығып та әрі көңіл түкпіріндегі «әттеген-ай» сияқты сезіммен алабұрта қарап отырған Алма еш ойланбастан қасында тұрған телефонның тұтқасын көтере салды.
— Алмажан... — деді телефон шалған адам. — Аман-есенсің бе?
Алманың тұла бойы дір ете түсті.
Бұл қоңыр үнді ешкімнің даусымен шатастырмас еді!
— Ой, Алла-ай! Сен... қайтіп... қайдан телефон шалып тұрсың?
— Мен осы қалада тұрамын ғой. Қызмет бабымен қоныс аударғанбыз. Өзің қайдасың?
— Мен... балаларыммен Алматыға көшіп барғанмын... Мұнда бір...