"Әкем қайтер екен?" — ауылдың шетіндегі шаруашылық ауласынан машинаға отырып, әкесінің үйіне жеткенше Ұзақты қинаған ой осы болды. Жеке үй боп бөлініп шығатынын қалай айтпақ? Және аяқ асты қазір айтып, дереу көшуі керек. Әдетте, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, қазақ баласын жеке үй ғып шығарарда ағайын-туғандарына күні бұрын тегіс хабарлап, мал айтып сойып, ауыл-аймаққа той-томалағын жасап, басына отауын тігіп, енші беріп шығарар еді. Ұлы ер жеткен, қызы бой жеткен әрбір ата- ананың көкейінде жатқан көмбесі, көксейтін мұраты осы ғой. Көрсек дейтін қызығы да осы. Ал Ұзақтың әкесі осы қызықты ел құсап көре алмайын деп отыр... Осы ойдың келуі-ақ мұң екен,...