Бізді бірінші кластан бастап оқытып келе жатқан мұғалімді «тәтей» дейміз. Ол кісінің бойы біздің төртінші кластағы Тұрсын деген баладан аз-ақ қалқыңқы. Сондықтан да болу керек, ауылдағы кемпірлер тәтейімізді «кішкентай қыз» — деп атайды. Мейлі, атаса атай берсін, бәрібір біз өз тәтейімізді елдің бәрінен де артық көреміз.
Ойнап жүргенбіз. Бір кезде кластас бала Қанат қасымызға жүгіріп келді.
— Ура! — деді ол, ентіге айқайлап. Бұл оның бірдеңеге қуанғанда айтатын сүйікті сөзі.
Тәтей мені жақсы көреді, — деді аспаннан түскендей-ақ мақтанып. Біз басқа балалар ойынды қойып, аңырап тұрып қалдық.
— Жаңа тәтей біздің үйге келді. Мені велосипед тебуге үйретті... Шашымнан сипады, арқамнан...