Ұшақ апатынан қаза болғандарды аза тұту күні Оралда азаматтық белсенділер және "Поколение" қоғамдық бірлестігінің мүшелері орталық алаңдағы Абай ескерткіші алдына келіп, гүл қойып, майшам жақты. Ондаған адам бір минут үнсіздік жариялап, қаза болғандарды еске алды.
- Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына, барша Қазақстан халқына көңіл айтамыз. Халық қазір жалға алған немесе сатып алынған осындай ескі-құсқы ұшақтарда ұшуға мәжбүр. Олар жақсы ұшақтар мен автобустарда, пойыздарға мінуге лайықты. Мұндай қайғылы оқиға Қазақстан билігінің халқына қажетті дәрежеде қамқор көрсетпейтінін дәлелдеп отыр, - деді "Поколение" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Василий Шамин.
Аза тұту күні белсенділер Абай ескертішіне жақын маңда сахна орнатылып қойғанын байқады. Бұл жаңа жылдық шараларға арналған болуы мүмкін.
- Кеше кешке [жергілікті белсенді] Аслан Сагутдинов пост жариялап, күндіз сағат 12-де ескерткіш маңына жиналып, белсенділермен бірге майшам жағатынын хабарлаған. Ақпарат ашық болды. Кейбір қолданушылар жазбаны тарата бастады. Ал енді бүгін келсек, еске алу шарасы орнында сахна тұрғанын көрдік. Оны не түнде не таңертең орнатқан сияқты, сахнаға қар жауып та үлгермеген, - деді белсенді Эрик Жұмабаев.
Жиналған азаматтардың айтуынша, әдетте осыған ұқсас еске алу шаралары Абай ескерткіші маңында өтеді. Дегенмен жергілікті билік еске алу акциясын алаңға жақын жердегі жаяу жүргіншілер аумағында ұйымдастырған. Жергілікті әкімдік бұл жайлы ресми түрде хабарламаған.
27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлады. Ұшақ бортында 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. 12 адам қаза болған.
Қаза болғандар арасында Informburo.kz сайтының редакторы Дана Круглова, ішкі істер органы зейнеткері генерал Рүстем Қайдаров, астаналық дәрігер Арман Исин және экипаж командирі Марат Мұрабаев бар.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, 28 желтоқсан таңертеңгі жағдай бойынша ауруханаға түскен 49 адамның жетеуінің жағдайы - ауыр, бірақ қалыпты. Қалған науқастардың жағдайы тұрақты, олардың арасында тоғыз бала да бар.
Қазақстанда 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жарияланған.
27 желтоқсанда күндіз премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр ұшақ апатының себептері туралы болжам айтты. Оның айтуынша, ұшақ ұшқыштың қателігінен немесе техникалық ақаудан құлауы мүмкін. Оның айтуынша, апат алдында ұшақтың артқы бөлігі ұшып-қону жолағына екі рет тиген.
Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына әрқайсысына төрт миллион теңгедан (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылды.