Казармада бір адамға сот болып жатыр еді, мәселе я өмір, я өлімге тірелген. Бұл адам Юконға Лe Барж көлінің төмен жағынан құятын Ақ Балық өзенінің ну орманды жағасын мекендейтін Имбер дейтін үндіс шал болатын. Оның ісі бүкіл Доусонды, жоқ тек Доусонды ғана емес, жалпы Юкон аймағының мың мильдік о жақ бұ жағын түгелдей дүр сілкіндірген. Англосакстер өздері жаулап алған жерлерде ертеден-ақ ерекше заң орнатқан ғой, және ол заң өте аяусыз, қатал-ды. Бірақ дәл осы сотта, Имбердің ісіне келгенде, бұл заң алғаш рет тым жеңіл, тым рақымшыл көрінген.