Алма-Арасанға апаратын жол тас құлауына байланысты бір айға ішінара жабылады
Алматыда 23 қарашадан бастап Алма-Арасан көшесіндегі қозғалыс бір айға шектеледі, деп хабарлайды Tengri Auto.
Шектеу экологиялық бекеттен "Нұрбота" дүкеніне дейінгі аралықты қамтиды. Қалалық қызметтер мәліметінше, бұған тас құлау қаупі себеп болған.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі/Қауіпті учаске
Бұл учаскеде жартас топырағы опырылып, диаметрі 2,5 метрге дейінгі ірі тастар құлаған. Олар көлік жүргізушілеріне, маңайдағы үйлердің тұрғындарына және инженерлік коммуникацияларға қауіп төндіреді.
Қозғалыс шектелген кезеңде мамандар тастарды бақыланатын әдіспен түсіріп, қауіпті тастарды алып тастауды, сондай-ақ, тау баурайын бекітуді жоспарлап отыр.
Қалалық қызметтер мәліметінше, жұмыстар тұрғындар мен жүргізушілерге барынша қолайсыздық тудырмайтындай етіп ұйымдастырылады. Жұмыс кестесі мүмкіндігінше демалыс күндеріндегі көлік қозғалысының қарқынын ескере отырып жасалады.
Жүргізушілерден бағыттарын жоспарлау және уақытша шектеулерді ескеру сұралды.
Бұған дейін метро құрылысына байланысты Алматыда көлік қозғалысы өзгеретінін хабарладық.