Жұмысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы өзгереді: 2027 жылдан бастап қанша төленеді?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Әлеуметтік кодекске жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін өзгертетін түзетулер күшіне енеді. Жаңашылдықтардың басты мақсаты - азаматтарды еңбек нарығына тезірек оралуға ынталандыру және тұрақты жұмыс табуға көмектесу, деп хабарлайды Tengrinews.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Төлемді тағайындау тетігі енді төрт кезеңнен тұрады.
1-кезең. Жұмыс іздеуші мәртебесінде бос жұмыс орындарын іздеу
Жұмысынан айырылған жағдайда азамат ең алдымен мансап орталығына жүгінуі қажет.
Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап жұмыс іздеуші тұлға мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.
Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары ізденушінің тәжірибесі мен дағдыларын бағалап, лайықты бос жұмыс орындарын іріктейді және жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.
2-кезең. Жұмыссыз мәртебесін беру
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азамат ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркеледі. Бұл ретте мансап орталығы бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады, ал қажет болған жағдайда ізденушіні қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жібереді.
3-кезең. Төлем алуға өтініш беру
Жұмыссыз мәртебесі берілгеннен кейін әлеуметтік төлемді онлайн (eGov.kz, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы), СМС арқылы проактивті форматта, сондай-ақ мансап орталығында немесе ХҚКО-да жеке өтініш беру арқылы рәсімдеуге болады.
Бұл ретте мамандар жәрдемақы алу-алмауына қарамастан жұмыс іздеуді жалғастыра береді.
4-кезең. Төлемді алу: оның мөлшері мен мерзімі
2027 жылдан бастап төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңіне 3 айға дейінгі мерзімге (әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты) тағайындалады. Оның мөлшері бұрынғысынша кейінгі екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды, бірақ 7 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) шегімен шектеледі.
Ведомство 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өсетінін еске салды. Соған байланысты жұмыстан айырылу бойынша төлемнің шекті мөлшері де автоматты түрде - айына 346,5 мың теңгеге дейін артады.
Төлемді алу құқығы, бұрынғыдай, тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін ғана сақталады.
Бұған дейін біз Қазақстанда жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау қағидаларына өзгерістер енгізілгенін хабарлаған болатынбыз. Тиісті бұйрыққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қол қойды.
Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар, есептен шығару себептері және қайта тіркеу туралы толығырақ оқыңыз.