АҚШ-та ұшуға салынған тыйым жойылды, бірақ әуе қатынасы толық қалпына келген жоқ
АҚШ Федералдық авиация басқармасы бұған дейін ел аумағында енгізілген ұшақтардың ұшуына қойылған шектеуді алып тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Axios басылымына сілтеме жасап.
Төрт сағатқа созылған тыйым кезінде шамамен 4 700 әуе рейсі тоқтатылған.
Шектеу алынғанымен, кейбір әуе компаниялары бүгінгі рейстерін толық тоқтату туралы шешім қабылдаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп ұшулардың уақытша тоқтатылуына кибершабуыл немесе жасанды интеллект себеп болмаған сияқты екенін мәлімдеді. Ал Ұлттық қауіпсіздік министрі Марквейн Маллин тұрғындарды алаңдауға негіз жоқ деп сендірді.
Басылымның жазуынша, мұндай сирек әрі ауқымды оқиғаның салдары демалыс күндері де сезілуі мүмкін. Көптеген жолаушы діттеген жеріне жете алмай, әуе компаниялары ұшақтар мен экипаждарды қайта жоспарлауда қиындықтарға тап болуы ықтимал.
Еске салайық, жұмада күндіз АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) "төтенше жағдайлар" мен "қауіпсіздік талаптарына" байланысты ел аумағында ұшақтардың ұшуына уақытша тыйым салған еді.
Бұл шешім әуе қозғалысын басқаратын бірнеше орталықтағы байланыс жүйесінің істен шығуына байланысты қабылданған.
Америкалық БАҚ-тың салалық қызметтерге сілтеме жасап хабарлауынша, ақау Чикагодағы Мидуэй халықаралық әуежайында басталып, кейін бүкіл елге таралған болуы мүмкін.
Жұма күні кешке Ақ үйде журналистерге сұхбат берген Ұлттық қауіпсіздік министрі Марквейн Маллин авиациялық жүйелерге қасақана шабуыл жасалғанын растайтын ешқандай белгі жоқ екенін айтты.
Бұл – 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін АҚШ-та ұшақтардың ұшуына бүкіл ел бойынша екінші рет жаппай тыйым салынуы.