WhatsApp-та маңызды функция пайда болады
WhatsApp мессенджерінде хат алмасуды ыңғайлы ете түсетін жаңа құралдар пайда болады. Қосымша хабарламалардағы телефон нөмірлерін, күндерді, мекенжайлар мен электрондық поштаны тікелей танып, олармен не істеуге болатынын ұсынады, деп хабарлайды Tengri Life WABetaInfo сайтына сілтеме жасап.
Не өзгереді?
WhatsApp-тың баптауларында "Іс-шаралар" атты арнайы бөлім пайда болады деп күтіледі. Онда пайдаланушылар жаңа іс-шаралар жасап, жоспарланған оқиғаларды көре алады және оларды басқара алады.Іс-шараны жасау кезінде мыналарды көрсетуге болады:
атауы;күні мен уақыты;өткізілетін орны;қоңырау шалуға арналған сілтеме (қалауы бойынша).
Скриншот: WhatsApp
Тағы бір жаңалық - мәтінмен жылдам әрекет ету мүмкіндігі. Мысалы, егер хабарламада телефон нөмірі, мекенжай немесе кездесу күні жазылса, WhatsApp мұндай ақпаратты автоматты түрде танып, астын үзік-үзік сызықпен сызады.
Ерекшеленген мәтінді басқан кезде қолжетімді әрекеттері бар шағын мәзір пайда болады.
Бұл функция кіріс хабарламалармен де, шығыс хабарламалармен де жұмыс істейді.
Бір басу арқылы не істеуге болады?
Мұның бәрі WhatsApp-тың хабарламадан нақты қандай ақпаратты танығанына байланысты. Мысалы, келесі әрекеттерді орындауға болады:
Телефон нөмірі. Оны көшіріп алуға, контактілерге сақтауға немесе бірден қоңырау шалуға болады. Егер бұл компания нөмірі болса, ол туралы ақпаратты көру мүмкіндігі пайда болады.
Күні мен уақыты. Оларды күнтізбеге қосуға, көшіріп алуға немесе WhatsApp-та оқиға жасау үшін пайдалануға болады.
Мекенжай. Оны көшіріп алуға немесе орналасқан жерін көру үшін карта қосымшасынан ашуға болады.
Электрондық пошта. Қосымша мекенжайды көшіруді немесе оны пошта сервисінде ашуды ұсынады.
Мысалы, егер досыңыз сізге кездесу орнының мекенжайын жіберсе, оны қолмен көшіріп, карта қосымшасын ашудың қажеті болмайды. Асты сызылған мәтінді басып, қажетті әрекетті таңдау жеткілікті.
Бұл ретте WhatsApp нақты қандай ақпаратты тани алғанын көрсетеді. Егер сізге бұл функция қажет болмаса, үзік-үзік сызықпен ерекшеленген мәтінге назар аудармай қалдыра салуға болады.
Скриншот: WhatsApp
WhatsApp хабарламаларыңызды оқи ма?Әзірлеушілер жаңа функция хат алмасудың құпиялылығына әсер етпеуі тиіс екенін ерекше атап өтті.
WhatsApp нөмірлерді, күндерді, мекенжайларды және электрондық поштаны тікелей телефоныңызда таниды. Ол үшін қосымша мәтін іздеудің арнайы алгоритмдерін қолданады.
Хабарламалардың мазмұны мен тану нәтижелері WhatsApp серверлеріне жіберілмейді. Сондықтан бұл функция хат алмасудың соңына дейін шифрлануына (end-to-end encryption) әсер етпейді.
Барлық телефонда қашан пайда болады?
Жаңа функциялар Android және iOS жүйелеріндегі WhatsApp пайдаланушыларына біртіндеп қолжетімді болып жатыр, алайда әзірге олардың бәрінде бірдей пайда болған жоқ.
Егер сіз қосымшаны жаңартып, бірақ жаңалықты таппасаңыз, сәл күте тұруға тура келеді. Компания оларды кезең-кезеңімен енгізіп жатыр.
Жаңа мүмкіндіктер барлық пайдаланушыға қашан қолжетімді болатыны туралы нақты күнді WhatsApp әлі жариялаған жоқ.
Сонымен қатар бұған дейін WhatsApp тағы екі жаңа функцияны сынақтан өткізіп жатқаны белгілі болған еді. Біріншісі пайдаланушыларға чаттарының безендірілуін сұхбаттасушыларымен бөлісуге мүмкіндік берсе, екіншісі - дауыстық хабарламаларды әртүрлі тілдерде мәтінге айналдыруға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: 8 қыркүйектен бастап WhatsApp кей смартфондарда жұмысын тоқтатты