Бет-әлпетті таниды және қару-жарақты іздейді: ІІМ ЖИ енгізілген камералардың мүмкіндігін айтты
Қазақстанда шамамен 52 мың бейнебақылау камерасы жасанды интеллектті (ЖИ) қолданады. Алгоритмдер іздеудегі және жоғалған адамдарды тани алады, сондай-ақ қаруды, түтінді, адамдардың шоғырлануын және қараусыз қалған заттарды анықтауға қауқарлы, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ІІМ камералардағы жазбалар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша дербес дәлел бола алатынын хабарлады.
ЖИ камералары қандай бұзушылықтар мен оқиғаларды таниды?
ІІМ мәліметінше, бет-әлпетті тану технологиясы іздеудегі және жоғалған азаматтарды іздеу, көші-қон заңнамасын бұзушыларды анықтау және ішкі істер органдарында есепте тұрған тұлғаларды бақылау үшін қолданылады.
Жүйе автоматты режимде мыналарды да анықтай алады:
қарудың бар-жоғын;
түтінді;
адамдардың шоғырлануын;
қараусыз қалған заттарды;
автокөліктердің қозғалысын тіркеу.
Бейнежазба дәлел ретінде жеткілікті ме?
Иә. ІІМ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 765-бабына сілтеме жасады, оған сәйкес бейнежазбалар ықтимал дәлелдеме көздеріне жатады. Кейбір жағдайларда бейнежазба дербес дәлел бола алады, сондай-ақ құқық бұзушылық мән-жайларын анықтау үшін жеткілікті деп танылуы мүмкін.
Анықтама: ӘҚБтК-нің 765-бабы "Дәлелдемелер" деп аталады және әкімшілік істі қарау кезінде қандай мәліметтер пайдаланылуы мүмкін екенін түсіндіреді. Олардың қатарында техникалық құралдардың көмегімен алынған деректер, мысалы, камерадағы бейнежазба бар.
Мұнда әңгіме бейнежазбаның дәлел ретіндегі рөлі туралы болып отыр - ІІМ жауабында алгоритм адамды өзі кінәлі деп таниды немесе жаза тағайындайды деп айтылмаған.
Ұлттық бейнемониторинг жүйесін дайындау жұмыстары жалғасып жатыр
Осыдан екі жыл бұрын Астана мен Алматыда Ұлттық бейнемониторинг жүйесі іске қосылған болатын. Бір жыл бұрын Қазақстан бойынша ЖИ жүйесі енгізілетіні жарияланды.
Қазан соңында үкімет Қазақстанда 1,8 миллион камера орнатылғанын, оның 51 мыңы бейнеаналитиканы қолданатынын хабарлады. Жыл соңына қарай олардың санын 60 мыңға дейін арттыру жоспарланған, Ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға дайындық жалғасып жатыр. Tengrinews.kz сауалына берген жауабында ІІМ қазірдің өзінде ЖИ-і бар 52 мыңға жуық камера барын атап өтті.