Алматыдағы әйгілі “Сайран“ автовокзалы тарихи ескерткіш мәртебесінен айырылуы мүмкін
Алматыдағы "Сайран" автовокзалы тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінен шығарылуы мүмкін. Сараптама ғимараттың бастапқы сәулеттік ерекшеліктерінің айтарлықтай бөлігін жоғалтқанын анықтады. Tengrinews.kz "Сайранның" алдағы тағдыры не болатынын білді.
Мәртебесінен айырыла ма? Мән-жайы
Алматыда "Сайран" автовокзалын жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесінен айыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына қалалық мәдениет басқармасынан хабарлады.
Бұл мәселе 2026 жылғы 16 шілдеде "Aray Qurylys" ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде "Rutrum" ЖШС компаниясы жүргізген тарихи-мәдени сараптамадан кейін туындағаны белгілі болды.
"Қорытындыға сәйкес, ғимарат оның тарихи-мәдени құндылығын растау үшін маңызды болатын бастапқы сәулеттік және қала құрылыстық сипаттамаларын айтарлықтай дәрежеде жоғалтқан", – деп хабарлады мәдениет басқармасы.
Сараптама қорытындысы бойынша мамандар мынадай ұсыныс берді:
"Сайранды" қорғау мәртебесінен айыру және оны мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінен шығару мәселесін қарастыру.
"Сайранның" тағдыры республикалық деңгейде шешіледі
Басқарма мәліметінше, мәселені Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясы қарап үлгерген.
Осыдан кейін басқарма қажетті материалдарды Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдады.
Енді министрлік құжаттарды зерделеп, оларды Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі республикалық комиссияға беру-бермеу туралы шешім қабылдауы тиіс.
"Белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылданғанға дейін "Сайран" автовокзалы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін сақтайды", – деп атап өтті басқармадағылар.
Неге "Сайран" Алматының болашақ Бас жоспарында жоқ?
Бұған дейін редакция "Сайран" Алматының жаңартылған Бас жоспарындағы негізгі көлік тораптарының қатарына енбей қалғанын жазды. Оның орнына жобалаушылар қалаға кіреберіс жерлерде автобустарды қабылдайтын "Батыс", "Солтүстік" және "Шығыс" атты үш жаңа автовокзал салуды қарастырған.
"Алматыбасжоспар" ҒЗИ бұл "Сайранның" дереу жабылатынын білдірмейтінін түсіндірді. Дегенмен Бас жоспар жобасында автовокзал аумағы халыққа қызмет көрсету және тұрғын үй функциясын дамыту аймағына жатқызылған.
Сонымен қатар "Сайранның" орнына тұрғын үй немесе коммерциялық нысандар салудың нақты жоспарлары әзірге жоқ. Оның алдағы тағдыры әлі де белгісіз болып отыр.
Аңызға айналған автовокзал бүгінде қандай күйде?
"Сайран" автобекеті 1983 жылы салынған. Ғимаратты ҚазКөлікҒЗЖИ жобалаған, жобаның бас сәулетшісі – Владимир Неровня.
Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Қазан айының басында Tengrinews.kz автовокзалға барып, ғимараттың қазіргі жай-күйін көріп қайтты.
Қазірше "Сайран" жолаушылар мен қалааралық автобустарды қабылдауды жалғастырып жатыр. Дегенмен, ішкі көрінісінде тозу белгілері байқалады: күту залындағы кейбір орындықтар мүжілген, ал жекелеген бөлмелердің жағдайы сұрақ тудырады.
Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Фото © Tengrinews.kz / Ақбота Сіләм
Бұған дейін де әлеуметтік желі қолданушылары автовокзалдың қоқысқа толғанына және ескірген түріне шағымданған болатын.
Алматы әкімдігі ол кезде "Сайранның" жеке меншікте екенін хабарлағанымен, автовокзалдың нақты кімге тиесілі екенін ашпаған еді.
Енді автовокзалдың болашақ көліктік қызметіне қатысты сауалдарға тағы біреуі қосылды: ғимарат тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін сақтап қала ма? Редакция жағдайды бақылауды жалғастырады.