Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің төмендеуін түсіндірді
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 15,75 пайызға дейін төмендету туралы шешімнің себебін түсіндірді. Негізгі себеп - инфляцияның баяулауы, деп хабарлайды Tengrinews.kz реттеушінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда жылдық инфляция қатарынан 12 ай бойы төмендеп келеді. Қыркүйекте ол 9,3 пайызды құрады. Бұған базалық мөлшерлеменің салыстырмалы түрде жоғары болуы мен теңгенің нығаюы септігін тигізді.
Баға қалай өзгеріп жатыр?
Реттеушінің ақпараты бойынша, тауарлардың бірнеше санатында баға өсімі бірден баяулаған.
Азық-түлік өнімдері бір жылда бұрынғы 9,5 пайыздың орнына 8,5 пайызға қымбаттады. Бұл жеміс-жидек пен көкөніс бағасының арзандауына, сондай-ақ ет бағасы өсімінің баяулауына байланысты.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бұрынғы 11,4 пайыздың орнына 11 пайызға қымбаттады.
"Атап айтқанда, бензин мен өзге де жанармай бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді. Қызмет көрсету құны 8,9 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар халықтың инфляциялық күтулері де төмендеді. Егер тамыз айында қазақстандықтар алдағы бір жылда баға 12,1 пайызға өседі деп күтсе, қыркүйекте бұл көрсеткіш 11,8 пайызды құрады", - деп хабарлады Ұлттық банктегілер.
Дәл осы инфляцияның баяулауы мен бағаның одан әрі өсуіне қатысты күтулердің төмендеуі Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік берді.
Мөлшерлеме неге бұдан да көбірек төмендетілмеді?
Оң динамикаға қарамастан, Ұлттық банк инфляцияның жеделдеу қаупі әлі де сақталып отыр деп есептейді.
Атап айтқанда, мемлекеттік шығыстардың жоғары болуы, коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі және жанармай құны бағаға әсер етуі мүмкін. Мұнай мен азық-түліктің әлемдік бағасы да қосымша қысым тудырған.
Бұл ретте Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырып жатыр. 2026 жылдың тоғыз айында ЖІӨ 4,2 пайызға артты. Негізгі үлесті құрылыс, өнеркәсіп және көлік салалары қосты.
Ұлттық банк жыл соңына қарай инфляция сәл жеделдеуі мүмкін екенін де ескертті. Мұның бір себебі - өткен жылғы коммуналдық тарифтерді көтеруге енгізілген мораторий. 2025 жылдың соңында тарифтер төмендегендіктен, биылғы бағалар айтарлықтай өсім көрсетуі мүмкін.
Желтоқсанда мөлшерлеме қандай болады?
Ұлттық банк 2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеменің қайта өзгеру ықтималдығы төмен екенін хабарлады. Егер бағаның өсуі тұрақты түрде баяулай берсе, оны одан әрі төмендету мүмкін болады.
Сонымен қатар реттеушінің басты мақсаты бұрынғыдай - 2028 жылға қарай инфляцияны 5 пайызға дейін төмендету.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімін Ұлттық банк 2026 жылғы 4 желтоқсанда қабылданады.
Еске сала кетейік: 23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін төмендетті. Бұл - жаздың басынан бері қатарынан төртінші рет төмендеуі. Маусымда мөлшерлеме 18 пайыз болса, кейін ол 17 пайызға, шілдеде 16,75 пайызға, ал қыркүйекте 16,25 пайызға дейін азайтылған болатын.
Бұған дейін сарапшылар Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастыратынын болжаған болатын. Мамандардың көпшілігі оның 16 пайызға дейін азаюын күтті, дегенмен кейбіреулері 15,75 пайызға дейін төмендеуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл ретте мамандар инфляциялық тәуекелдер сақталып отырғанын, сондықтан реттеуші сақтықпен әрекет етуі мүмкін екенін ескерткен еді.