Қазақстандағы Құтқарушылар күні: неге мереке 19 қазанда атап өтіледі?
Неге Құтқарушылар күні 19 қазанда атап өтіледі
Мереке күні Қазақстандағы төтенше жағдайлар қызметінің қалыптасу тарихымен байланысты. 1995 жылғы 19 қазанда Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитетін құру туралы №2541 жарлыққа қол қойылды. Бұл комитет табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен елдің азаматтық қорғанысы саласындағы уәкілетті орталық атқарушы орган болды.
Ведомство құрылымы бірнеше рет өзгерді. Мемлекеттік комитет агенттік және министрлік болып қайта құрылып, кейін Ішкі істер министрлігінің құрамына кірді. 2020 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі қайтадан дербес ведомство болып бөлінді.
2008 жылдан бастап 19 қазан құтқару қызметі қызметкерлерінің бірыңғай кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. 2026 жылы Мемлекеттік төтенше жағдайлар комитетінің құрылғанына 31 жыл толады.
Қазақстан құтқарушылары. Фото: Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметі
Кімдерді құттықтайды?
Кәсіби мерекені азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар және төтенше жағдайларды жоюға қатысатын, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізетін және қауіпті жағдайларда адамдарға көмектесетін мамандар атап өтеді.
Олардың жұмысы тек өрт сөндірумен шектелмейді. Құтқарушылар жол-көлік оқиғаларына шығады, тығырыққа тірелген адамдарға көмектеседі, эвакуациялауға және табиғи әрі техногендік төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысады.
Құтқарушылардың жұмысы: сандар сөйлейді
ТЖМ-нің 2026 жылғы деректеріне сәйкес, жыл басынан бері құтқарушылар төтенше жағдайларды жоюға 70 мыңнан аса рет шыққан. Осы уақыт ішінде олар 8 мыңнан астам адамды құтқарып, қауіпті аймақтардан 9 мыңнан аса адамды эвакуациялады және 3 мыңға жуық зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жарияланымы (@112kz_)
Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 18 мыңнан аса табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркеледі, оның ішінде 12 мыңға жуығы - өрт. Келтірілген деректер бойынша, құтқарушылар жыл сайын 8 мыңға жуық адамды құтқарып, 20 мыңнан аса адамды эвакуациялайды және 4 мың зардап шегушіге медициналық көмек көрсетеді.
Қауіпті сәтте құтқару: өрт сөндіруші Саят Сыздықовтың оқиғасы
Сиренасын қосып қаланы аралап бара жатқан өрт сөндіру машинасын көргенде, біз әдетте тек жанарымызбен шығарып саламыз. Бірақ әрбір осындай сапардың артында жағдайды тез бағалап, шешім қабылдауы тиіс команда тұр. Адам өмірі қыл үстінде тұрған жағдайда жұмыс істеудің мәні туралы редакция тілшісі Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Саят Сыздықовпен әңгімелесті.
"Пайдамды тигізгім келді"
Ол ТЖМ жүйесіне 2019 жылы жүрек қалауымен келген: ол жұмысқа барып қана қоймай, шын мәнінде маңызды іспен айналысқысы келді. Қиын сәтте көмекке келуге дайын болу және біреудің өмірін құтқару - ол өз мамандығының мәнін осылай түсіндірді.
Саят Сыздықов. Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі
Құтқарушы үшін алғашқы шығу - нағыз сынақ. Қызмет еткен жылдары Саят Сыздықов жүздеген шақыртуда болды, бірақ солардың бірі жадында мәңгі сақталып қалды.
"Есте қалған оқиғалардың бірі Қарағандыдағы Мұқанов көшесінде болды. Оқиға орнына келгенімізде, бесінші қабаттағы терезе алдында тұрған кішкентай қызды байқадым. Жағдай қауіпті еді, сондықтан бөгелуге болмады", - деп еске алады кейіпкеріміз.
Саят Сыздықов. Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі
Жылдам әрекет ету керек болды. Команда жабдықтарды жайып жатқанда, Саят қыз бала отырған пәтерге кірді. Ащы түтін, жоғары температура, тәуекел - мұның бәрі екінші планға ысырылды. Мәңгілікке созылғандай көрінген бірнеше минуттан кейін Саят қызды қауіпсіз жерге алып шықты.
"Мұндай сәттерде адам өмірінің құндылығын ерекше сезінесің. Мен үшін ең бастысы - бәрі сәтті аяқталып, бала аман қалды", - деп атап өтті құтқарушы.
Қорқыныш сезімі бола ма деген сұраққа Саят ашық жауап берді: жоғалтар ештеңесі жоқ адам ғана қорықпайды. Бірақ мамандық қорқынышты ақылға бағындыруды талап етеді.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Fire & Rescue (@firepluse) жарияланымы
Қорқыныш, тәртіп және мамандықтың көрінбейтін жағы
Ер адамның айтуынша, үрейді жеңудің басты жолы - топтық жұмыс және нұсқаулықтарды қатаң сақтау. Ал жұмыстағы ең қиын нәрсе - физикалық күш немесе түнгі кезекшілік емес, өзгелердің өмірі үшін арқалаған зор жауапкершілік жүгі. Сонымен қатар ол ұжымның маңыздылығын атап өтті: жаныңда демеу болып, көмекке келуге дайын әріптестерің бар екенін білгенде, қысымға төтеп беру жеңілірек болады.
"Адамдар өрт сөндіру машиналарын, оқиға орнындағы құтқарушылардың жұмысын көреді, бірақ мұның артында тұрақты жаттығу, физикалық және психологиялық жүктеме, түнгі кезекшілік пен кез келген сәтте шақыртуға шығуға дайындық тұрғаны туралы ойлана бермейді", - деп бөлісті Саят Сыздықов.
Қазақстан құтқарушылары. Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі
Саят Сыздықов қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады деген пікірде. Ол азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды және балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Ал ТЖМ киімін киюді армандайтын жастарға қарапайым, бірақ маңызды кеңес береді.
"Жауапкершілікке дайын болыңыздар. Бұлшықет күші маңызды, бірақ салқынқандылық сақтай білу, топта жұмыс істеу және өзгенің қайғысына бейжай қарамау одан да маңызды", - деп атап өтті ол.
Саятқа өткенге оралып, өз жолын қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, ол бір сәт те ойланбас еді. Ол үшін қызмет - мамандық қана емес, ең қиын әрі қауіпті сәтте көмек қолын созатын адам болу мүмкіндігі.