iPhone 18-ді шетелден сатып алған қазақстандықтар мәселеге тап болды
Қазақстанда жаңа iPhone 18 иелері құрылғыларын тіркеу кезінде қиындықтарға тап болды. IMEI-верификацияға жауапты компания мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Tengri Life.
"Верификациядан өте алмадым"
Tengri Life редакциясына хабарласқан оқырман жаңа iPhone 18-ді Қазақстаннан тыс жерден сатып алғанын айтты. Елге оралған соң ол міндетті IMEI верификациясынан өтпек болған, алайда оны жүзеге асыра алмаған.
"Шетелден сатып алсаң, iPhone 18 Қазақстанда жай ғана 'кірпіш' болып қалады екен. Екі аптадан астам уақыт бойы верификация жасай алмай жүрмін. Сайт бұл мүмкіндікті бермей тұр. Қоңырау шалдым, жаздым, қашан болатынын өздері де білмейді. Не істеу керек?" - деп сұрақ қойды қазақстандық.
Анықтама: Міндетті IMEI верификациясы - телефонның ресми түрде әкелінгенін және оператор желісінде қолданыла алатынын растау үшін мобильді құрылғының бірегей сәйкестендіру нөмірін (IMEI) тексеру процедурасы.
Оқырманның айтуынша, сайтта процедурадан өтпек болған кезде iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау уақытша қолжетімсіз екені туралы ақпарат шығады.
"Бір аптадан бері бақылап жүрмін, күн сайын сайтқа кіремін. Тіпті, тым болмаса шамалы мерзімін айтар деген үмітпен техникалық қолдау қызметіне де сұраныс жібердім. Бірақ жоқ, дайын шаблонды жауап жіберді",
"Мен шетелден сатып алдым. Шекарадан өту туралы барлық дерек бар. Бірақ өтінім бере алмаймын, өйткені қолжетімсіз. Қайдан сатып алу - өз құқығым ғой",
"Миллионға телефон сатып аламыз да, қарапайым нәрсені - оны қалыпты қолдануды істей алмаймыз",
"Бұл тек iPhone 18-ге ғана емес, шетелден сатып алынған кез келген iPhone-ға қатысты", - деп жазды басқа қолданушылар пікірлерде.
kz-imei.kz сайтында қазіргі уақытта техникалық жұмыстарға байланысты iPhone 18-дің барлық үлгісін верификациялау уақытша қолжетімсіз екені көрсетілген.
Компания не дейді?
Біз Қазақстандағы мобильді құрылғылардың IMEI-верификациясымен айналысатын "ATS Mediafon KZ" мекемесіне жауап алу үшін жүгіндік.
Компания iPhone 18 верификациясының шынымен де уақытша шектелгенін растады. Бұл жүйені техникалық баптау жұмыстарымен байланысты.
"iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау техникалық тұрғыдан шектелген. Бұл жеке тұлғалар тарапынан өтінім беру кезінде анықталған тәуекелдер мен ауытқуларды ескере отырып, верификация жүйесін баптау жұмыстарын жүргізуге байланысты", – деп хабарлады ATS Mediafon KZ.
Осылайша, компания деректері бойынша, верификация өтінімдерді тексеру жүйесін баптауға байланысты уақытша шектелген. Бұл жеке тұлғалардың өтінім беруі кезіндегі күмәнді жағдайлардың анықталуымен байланысты болып отыр.
Мамандардың түсіндіруінше, қауіпсіздік мониторингі кезінде үшінші тұлғалардың азаматтардың жеке деректері мен ЭЦП-сын олардың хабарсыз және келісімінсіз пайдалану жағдайлары тіркелген.
Сондай-ақ, мамандар екінші IMEI-ді тексеру жүйесін заңсыз пайдалану белгілерін және Мобильді азаматтар базасындағы абоненттік нөмірлерді заңсыз өзгерту тәуекелдерін анықтаған.
Компания жеке тұлғалардан өтінімдердің жаппай түсуіне байланысты құрылғыларды заңсыз верификациялаудан қорғау және тексеру тетіктерін күшейту қажеттілігі туындағанын атап өтті.
Қазіргі уақытта мұндай бұзушылықтарды анықтау және алдын алу, сондай-ақ азаматтардың жеке деректерін қорғау үшін жүйені баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Техникалық жұмыстардың аяқталу мерзімі әзірге нақты айтылмады. ATS Mediafon KZ бұл туралы қосымша хабарланатынын жеткізді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін iPhone 18 желісіндегі барлық құрылғыны верификациялау қайта жандануы тиіс.
Бұл ретте компания: "тиісті функция қалпына келтірілгеннен кейін адал ниетті иелері өз құрылғыларын кедергісіз верификациядан өткізе алады".
Бұған дейін Бас прокуратураның Қылмыстық қатерлерді болжау және қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдері орталығы Apple iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс беру және одан бас тарту кейпіндегі жаңа алаяқтық схемалар туралы ескерткен болатын.