Тоқаев ЖИ-ды дамыту бойынша “Вашингтон моделін“ БҰҰ деңгейіне шығаруды ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін "Вашингтон моделін" құптады, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында жақында президент Трамп пен ірі технологиялық компаниялар басшылары қол қойған жасанды интеллектінің озық технологияларын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамыту туралы ерікті келісімнің стратегиялық салмағына назар аударды
"Дер кезінде көтерілген осы маңызды бастаманы құптаймын. Жасанды интеллектіге қатысты қауіп-қатерлер ешқандай шекараға бағынбайтынын бәрі түсінеді. Сондықтан мемлекеттер мен бизнес қауымдастық тарапынан үйлесімді әрекет қажет. Вашингтонда қол қойылған келісімді сарапшылар мұқият зерделеген соң мүдделі мемлекеттер жасанды интеллект саласын жаһандық деңгейде реттейтін үлгі ретінде қарастыруына болады. "Вашингтон моделі" БҰҰ аясындағы халықаралық келісімге негіз болуға лайық деп ойлаймын", - деді Президент.
Бұл ретте Тоқаев Қазақстан жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды қолдайтынын атап өтті.
"Осы орайда, аталған мәселе бойынша сындарлы халықаралық диалог жүргізуге алаң ұсына аламыз. Кеңес іс жүзінде маңызды екенін көрсетті. Сондықтан Кеңес мүшелерінен қысқа мерзім ішінде Қазақстанның осы салаға қатысты халықаралық бастамасына нақты ұсыныс беруді сұраймын. Ортақ ұстаным биыл желтоқсан айында Майамиде өтетін G20 саммитінде таныстырылады", – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Мемлекет басшысы жасанды интеллект жаңа цифрлық дәуірде бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының біріне қарқынды түрде айналып жатқанын атап өтті.