Келешекті көрдік: Астанадағы басты технологиялық көрмеден репортаж
Көрме павильоны ортасындағы гуманоидтар, алаңда ары-бері жүрген робот-иттер және киборгпен үстел теннисін ойнау. Астанада AI & Digital Bridge 2026 форумы осылай басталды. EXPO-ға тән үйреншікті ресми формат бұл жолы жеңіл киберпанк стилімен толықты: тұйық пластик қалқалардың орнына неонды инсталляциялар қойылып, қатаң костюм киген қонақтардың арасында автономды машиналар жүр.
Tengrinews.kz тілшілері жаңа технологиялардың біздің болмысымызға қалай сіңісіп жатқанын көру үшін көрмені аралап қайтты.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Залдың басты назар аударар тұсы - жарық желілері бар "цифрлық ағаш". Ол өте әсерлі көрінеді, бірақ негізгі қызу тіршілік оның айналасында жүріп жатыр.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан ӘлжабаевҰйымдастырушылар технологиялар күрделі әрі қорқынышты болып көрінбеуі үшін барын салғаны байқалады. Гуманоидтар адамдар арасында еркін серуендеп жүрсе, стендтерде әзірлеушілер күрделі алгоритмдерді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысып жатты.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Дегенмен андроидтардың сәл тынығып алу үшін жантая кеткен аймағы ең танымал әрі өміршең орынға айналды. Еденде қуатталуды күтіп жатқан роботтар айналасына камера ұстаған қалың топ жиналды. Қонақтар "шаршаған" киборгтарды езу тартып суретке түсіріп жатты - демек, машиналарға да адами қасиеттер жат емес екен.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Көршілес неонды мінбеде робот-ит ары-бері қозғалып тұр, әзірлеушілердің айтуынша, ол ең қатал жағдайларда күзет жұмыстарын жүргізуге дайын.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Бірақ ең көп шу теннис үстелі қасында болды. Мұнда адам гуманоидқа қарсы ойнады.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Машина ешбір эмоциясыз, жүйелі түрде допты қайтарып жатқанда, матчті үлкен қолдау тобы қызыға тамашалады, олардың арасында Құрылтай депутаттары Дәния Еспаева мен Үнзила Шапақты да көруге болады.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Kerneu Group директоры Нұрдәулет Досмағамбеттің түсіндіруі бойынша, пинг-понг - бұл реакция мен координацияны тексеретін көрнекі тест қана. Ертең мұндай машиналар жұмыс істеу қауіпті жерлерде: шахталарда немесе ауыр өндірісте адамдарды алмастыра алады.
"Темір-терсектен" кейін кезек білім беру саласына ауысты. EXPO аумағында 500-ден аса студент білім алып жатқан Qazaq AI Research University ашылды.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Мұндағы ерекшелік - студенттерге классикалық кураторлардың орнына ЖИ-ассистенттер бағыт-бағдар береді.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Тұсаукесерден кейін ғылым министрі Саясат Нұрбек бұл жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін зор қызығушылықпен түсіндіріп берді.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Жүйе студенттің қандай кітаптар алып жатқанын өзі көріп, оған өзі білмеген тиісті лекцияны немесе семинарды ұсына алады, сонымен қатар бұл үшін академиялық кредит есептейді.
"AI-enabled моделі ешбір мүмкіндікті мүлт жібермеуге жағдай жасайды", - деп түйіндеді министр.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Кулуарда таныс тұлғалар аз болмады - форумға бүкіл цифрлық және саяси элита жиналған. "Қазақтелеком" басшысы Бағдат Мусин шетелдік қонаққа макеттің жанында бірдеңені белсенді түрде түсіндіріп жатты.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев көтеріңкі көңіл-күйде жүрді.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Ал оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, керісінше, ресми аралау басталмас бұрын өте жинақы көрінді, құжаттар тұрған стендтің қасында өз презентациясын іштей қайталап тұрды.
Фото © Tengrinews.kz / Нұрлан Әлжабаев
Кейінірек көрмеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келген соң, форумның бағыты салмақтана түсті.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Мемлекет басшысына ЖИ-университеті, жаңартылған Aitu мессенджері, "Самұрық-Қазына" қорының жобалары мен "ДӨО алқабы" кластері бойынша жоспарлар таныстырылды.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Форум қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Президент технологияның өзінен гөрі, оны қалай пайдалану керек екеніне және шектеулерді қай жерде қою қажеттігіне көбірек тоқталды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Ол былтыр қазақстандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқанын еске салып, ЖИ-ді реттеу мәселесіне ерекше тоқталды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Тоқаев ЖИ-ді реттеу қажеттігін, бірақ бұл жерде шектен шықпау керек екенін баса айтты.
"Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ баяндамада адам факторына басымдық берілді. Президенттің айтуынша, технологиялық серпіліс үшін тек дата-орталықтар мен озық технологиялар жеткіліксіз - ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлер қажет. Жасанды интеллектінің өзін ол адам қабілетін алмастырушы емес, көмекші құрал деп атады.
Ал оның пайда әкелуі немесе "заманауи қаруға" айналуы тек оның кімнің қолында болатынына байланысты.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
AI & Digital Bridge 2026 форумы 3 қазанға дейін жалғасады. Алғашқы күннің қорытындысына қарағанда, Қазақстанда болашақ тек келіп қана қойған жоқ, ол неонды стендтер мен теннис үстелінің арасына әбден орнығып алған сияқты.
Мәтін: Аружан Дәрібай
Фото: Нұрлан Әлжабаев
Аударған: Дина Шәріпхан