Ақтөбе облысындағы балабақшада бүлдіршін зардап шекті: оқиға видеоға түсіп қалған
Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан бір жарым жасар сәбидің бетін тырнап, жатын бөлмеден шығып кеткен. Бұл сәтті мектепке дейінгі мекеменің бейнебақылау камералары тіркеп қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
Балабақшада соңғы 17 жыл бойы жұмыс істеп келген ересек адамның мұндай әрекетке неге барғанын қазір полицейлер анықтап жатыр. Телеарна мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ бейнебақылау камераларындағы жазбалар тәркіленді.
Аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, балабақшада 25 бала тәрбиеленіп жатыр.
"Болған оқиғадан кейін арнайы комиссия құрылды, тексеру жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер бұл мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ол қызметінен шеттетілді", - деп түсіндірді Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Аян Башанов.
Ол болған жағдайға өкініш білдіріп, мәселе бақылауда екенін атап өтті.
Тағы оқыңыз: Балаларға берілген банан тек фотоесеп үшін бе? Шымкенттегі балабақшада жанжал шықты