Алматылықтарды бірнеше аудандағы газ иісі алаңдатты
10 қыркүйек кешке Алматыдағы бірнеше аудан тұрғындары газға ұқсас өткір иіске шағымданды. Экологтар ауадан сынама алып, тексеріс нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жарылып кетеміз бе деп қорықтық": Тұрғындар не дейді?
Tengrinews.kz редакциясына Түрксіб ауданының тұрғындары хабарласты. Олардың айтуынша, 10 қыркүйек кешке пәтерлерде газдың өткір иісі сезілген. Үрейленген тұрғындар бір жерден газ шығып жатыр деп топшылаған.
"Біз барлық терезені ашып, жарықты өшірдік. Жарылып кетеміз бе деп қорықтық. Кейін газ иісі сырттан келіп жатқанын түсіндік", - дейді тұрғындар.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұл иіс екінші күн қатарынан шамамен сағат 21:00-22:00-ден бастап пайда болып жүр.
Осыған ұқсас шағымдар әлеуметтік желілерде де жарияланды. Пікірлерге қарағанда, жағымсыз иіс қаланың әртүрлі ауданы мен қала маңында сезілген.
threads.com скриншоты
threads.com скриншоты
Экологтар оқиға орнына барып, ауа сапасын тексерді
Алматының экология департаменті ведомствоға тұрғындардан газ иісі мен шығу тегі белгісіз жағымсыз иістерге қатысты жекелеген шағымдар түскенін хабарлады. Бұл ретте шағымдар қаланың нақты учаскелеріне қатысты болған.
"Мамандар шағым түскен жерлерге барып, атмосфералық ауаға аспаптық өлшеу жүргізді", - деп хабарлады департамент.
Ведомство мәліметінше, 10 қыркүйекте мамандар Көкжиек шағынауданындағы №175 бөбекжай-бақша маңында ауаны тексерген. Сондай-ақ Айнабұлақ-3 шағынауданына екі рет шыққан.
"Жүргізілген өлшеулер нәтижесі бойынша зерттелген ластаушы заттардың белгіленген нормативтерден асуы анықталған жоқ", - деп атап өтті Алматы экология департаменті.
Сондай-ақ ведомство өкілдері жағымсыз иіс әрдайым ауадағы ластаушы заттар шекті мөлшерден асып кеткенін білдірмейтінін түсіндірді.
"Бөгде немесе жағымсыз иістің сезілу фактісі атмосфералық ауада нормативтерден асу тіркелгенін білдірмейді", - деді департаменттегілер.
Ведомствода ауаның жағдайы аспаптық өлшеу нәтижесі бойынша бағаланатынын нақтылады.
Бұған дейін Атырау тұрғындары өткір жағымсыз иіс пен ауа сапасының нашарлауына шағымданған болатын. 7 қыркүйекке қараған түні хабарламалар қаланың бірнеше ауданынан түсіп, AirKZ деректері жекелеген нүктелерде күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе асып кеткенін көрсеткен.