Екі түске рұқсат етіледі: оқу-ағарту министрі мектеп формасы туралы айтты
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептердің оқушылар формасы мен сырт келбетіне қоятын талаптары төңірегіндегі дауға қатысты жауап берді. Бұл туралы одан Үкіметте өткен брифингте сұралды, деп хабарлайды Tengri Education.
Атап айтқанда, министрден мектептердің заңды талаптары қай жерде аяқталып, шектен шығу қай жерден басталатыны туралы сұрақ қойылды.
"Мектеп формасына қойылатын нақты талаптар қандай? Мектептер қай тұста шектен шығып жатыр? Форма үшін ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін бе және баланы мектепке кіргізбей қоюға бола ма?" - деген сауал қойылды.
Сүлейменова мектеп формасы міндетті екенін, сонымен бірге көк және қара түстерге рұқсат берілетінін айтты.
Журналист: нақты бір мектеп, мысалы, тек қара көк түсті форманы белгілеп, баланың қара түсті формамен келуіне тыйым салуға құқылы ма деп нақтылады.
"Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Мен мұндай мәселенің болғанын білемін. Біз нақты түсініктеме бердік және осы мәселе бойынша білім басқармаларымен жеке кеңес өткіздік. Қара түске де, қара көк түске де рұқсат етіледі", - деп қайталады министр.
Мұндай талаптарды қоятын мектептер жазалана ма деген сұраққа Сүлейменова жазалау министрліктің түпкі мақсаты емес екенін айтты.
"Бәрін жазалауға болады, бірақ бұл біздің түпкі мақсатымыз емес. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек, қоғамдық әдептің жаңа тәсілдерін қалыптастыруымыз қажет", - деді ол.
Шаш үлгісіне қатысты не белгілі?
Сүлейменованың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың шаш үлгісіне қатысты нақты талаптар қоймайды. Мұндай мәселелер мектептердің ішкі ережелерімен реттелуі мүмкін.
Сонымен қатар ол сырт келбетке қойылатын талаптар тым қатаң болмауы керектігін атап өтті.
"Сырт келбет оқу процесіне кедергі келтірмеуі керек, оқушы жинақы көрінуі тиіс (...) Сонымен қатар біз шаш үлгісін немесе сырт келбетті шамадан тыс регламенттеуді жоспарлап отырған жоқпыз", - деді министр.
Бұған дейін қазақстандық әлеуметтік желілерде мектеп жадынамаларындағы оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптар қызу талқыланған болатын. Олардың кейбірінде шаш үлгісінің нақты нұсқалары, шаш ұзындығы мен оны бояуға, макияж бен маникюрге қатысты шектеулер белгіленген. Ол кезде Оқу-ағарту министрлігі сырт келбетке қойылатын талаптарды әр мектеп ішкі ережелерінде дербес белгілейтінін түсіндірген еді.
Тағы бір дау Астана мектептерінің бірінде форма түсіне байланысты туындады. Ата-аналар әкімшіліктің қара көк түсті форманы талап еткенін және талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілік болуы мүмкін екенін ескерткенін айтты.
Бұған дейін министрлік мектеп формасының үлгісін қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептегі өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен мектеп анықтайтынын және ол жалпымектептік ата-аналар жиналысында бекітілетінін түсіндірген. Бұл ретте ата-аналар форманы өндірушіні және оны сатып алу орнын өз бетінше таңдауға құқылы.