“Жауапкершілікті мойнымызға алатын уақыт“: Бектенов жаңартылған үкіметке үндеу жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің жаңа құрамына үндеу жасап, оларды толық жауапкершілікті өз мойнына алуға және шешімдерді жедел қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы министрлер кабинетінің басшысы үкімет отырысында мәлімдеді.
"Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз. Барлық бағыт пен салалар бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажет", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр мемлекеттік органдар жұмысының негізінде "Заң мен тәртіп" және "Таза Қазақстан" конституциялық қағидаттары қалуы тиіс екенін атап өтті.
"Үкіметтің жұмысы кешенді шараларды қабылдай отырып, озық қарқынмен жүруі керек. Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек", - деді Премьер-министр үкімет мүшелеріне.
Мән-жай
28 тамызда Құрылтай жаңадан сайланғаннан кейін Қазақстан Үкіметі өкілеттігін тоқтатты. Жаңа құрам бекітілгенге дейін министрлер өз міндеттерін атқаруды жалғастырды.
31 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Олжас Бектеновтің кандидатурасын Премьер-министр лауазымына қайта ұсынды. Оның кандидатурасын Құрылтайдың 144 депутатының 137-сі қолдап, жетеуі қалыс қалды. Осыдан кейін Президент Бектеновті тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Кейінірек Министрлер кабинетінің жаңа құрамы жасақталды. Премьер-министрді қоса алғанда 25 позицияның төртеуі ауысты - осылайша үкімет құрамы 16 пайызға жаңарды.