Көкшетау маңындағы аңшылық кезінде адам оқ тиіп, қаза тапқан соң мылтық иесі ұсталды
Ақмола облысының Зеренді ауданында аңшылық соңы адам өлімімен аяқталды. 64 жастағы ер адам қаза тауып, аңшылық мылтық иесі ұсталды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Желіде Көкшетау маңындағы аңшылық кезінде болған қайғылы оқиға туралы ақпарат пайда болды. Алдын ала мәлімет бойынша, алты адамнан тұратын топ Қызылтаң ауылы маңындағы "Көкшетау" және "Туполев" аңшылық шаруашылықтары аумағында болған делінеді. Елік аулау кезінде аңшылардың бірі екіншісіне оқ атқаны хабарланды.
Tengrinews.kz редакциясы Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне пікір алу үшін жүгінді, онда сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
"Қару иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2026 жылғы 6 қыркүйекте Зеренді ауданы аумағында аңшылық кезінде Көкшетау тұрғынына тиесілі аңшылық мылтығынан абайсызда оқ атылғаны алдын ала анықталды. Оқ тию салдарынан 64 жастағы ер адам жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды", - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталып жатыр.