Щучинскідегі “Центр плова“ дәмханасында болған жарылыс: іс бойынша айыпталушыларға үкім шықты
Бурабай аудандық соты Щучинскідегі дәмханада болған өртке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алған болатын, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот алдында кімдер жауап берді?
Айыпталушылар қатарында дәмхана иесі М., ол жерге газ баллондарын жеткізген Д. және автогаз құю бекетінің директоры С. болды.
Сот мәліметінше, дәмхана иесі өрт қауіпсіздігі талаптарын бірнеше рет бұзған. Атап айтқанда, мекемеде жылыту радиаторлары жанында сақталған газ баллондары қолданылған. Сонымен қатар қызметкерлер мен жауапты адамдар газ жабдықтарын пайдалану бойынша қажетті нұсқаулықтан өтпеген.
Газ баллондарын жеткізуші Д. газды сатуға және жеткізуге құқығы болмаса да, 2026 жылғы 25 ақпанда дәмханаға екі газ баллонын әкелген. Кейін оның бірі жарылған. Сот мәліметінше, баллонға рұқсат етілген мөлшерден артық газ толтырылған.
Істегі тағы бір айыпталушы – АГҚС директоры С. Сот бекетте тұрмыстық газ баллондары жүйелін түрде толтырып келгенін анықтады, бірақ мекемеде бұған қажетті құжаттар, жабдықтар, толтыруды бақылайтын өлшеу құралдары, оқытылған персонал және басқа да міндетті шарттар болмаған.
Қайғылы оқиғаға қатысты сот нұсқасы
Сот анықтаған нұсқа бойынша, жылыту радиаторы жанында тұрған лық толы газ баллоны қызып кеткен. Соның салдарынан ішкі қысым артып, баллон қабырғасы жарылып, өрт шыққан.
Сот айыпталушылардың кінәсін айғақтар жиынтығымен: өрт туралы актімен, оқиға орнын қарау хаттамасымен, бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, куәгерлер мен жәбірленушілердің жауаптарымен, мамандардың қорытындыларымен және сараптамалармен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен растады.
Үкім
Сот үшеуін де кінәлі деп таныды. М. мен С.-ға жеті жылдан, Д.-ға алты жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігінде және 306-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстар абайсызда жасалған, ауырлығы орташа қылмыстарға жататынын атап өтті. 292-баптың 3-бөлігінің санкциясы бес жылдан он жылға дейін, ал 306-баптың 3-бөлігі - төрт жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Бұдан бөлек, сот 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырды.
Сот жеке қаулымен облыс әкіміне үндеу жасады. Онда істі қарау кезінде қоғамдық тамақтану нысандарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудағы және ведомствоаралық іс-қимылдағы кемшіліктер анықталғаны көрсетілген. Әкімдікке қайғылы оқиғаға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою шараларын қабылдау тапсырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Дәмханадағы жарылыс
Ақмола облысы Щучинск қаласындағы "Центр плова" дәмханасында қайғылы оқиға 2026 жылғы 26 ақпанда кешке болған. Төтенше жағдайдан кейін бірден жеті адам қаза тапқаны хабарланды: бесеуі оқиға орнында көз жұмса, тағы екеуі кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
27 ақпанда Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов БАҚ өкілдеріне оқиға салдарынан 28 адам зардап шеккенін, жеті адам қаза тапқанын, олардың арасында кәмелетке толмаған бір бала болғанын хабарлады.
Кейін қаза тапқандар саны артты: 3 наурызға қарай олардың саны тоғыз адамға, 11 наурызда – он бірге жетті. Дәрігерлер бар күшін салғанына қарамастан, науқастарды аман алып қалу мүмкін болмады - олардың жағдайы өте ауыр болған.
18 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында емделіп жатқан тағы бір зардап шегуші көз жұмғанын хабарлады.
Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, "Центр плова" дәмханасының иесі ұсталған болатын.