Германияда киім дүкеніндегі заттаңба қазақстандықтарды таңғалдырды
Германиядағы дүкендердің бірінен танымал еуропалық бренд киіміндегі ерекше заттаңба байқалды. Әлеуметтік желі қолданушылары ондағы ақпараттың қазақ тілінде жазылғанына таңғалған, деп хабарлайды Tengri Life.
Бәрі қалай басталды?
Германиядағы COS дүкенінен түсірілген заттаңбаның суретін желі қолданушысы әлеуметтік желілерде жариялап, астына қысқаша жазба қалдырған.
"Германияда COS дүкеніне кірген едім, заттаңбада қазақша жазылып тұр. Threads эффектісі", - деп жазды жарияланым авторы.
Скриншот: Threads
Жазбаны 80 мыңнан астам қолданушы көрген.Қазақстандықтар не дейді?
Пікір қалдырушылар шетелдегі заттаңбалар мен қаптамалардан қазақ тілін бұған дейін де кездестіргенін айтты. Кейбіреулер аударманың сапасына да назар аударған.
"Лиссабондағы COS дүкенінен сауда жасадық - заттаңбаларда қазақ тілі болды. Жалпы, жағымды жаңалық""Бұл брендтің өнімдері бізде болмаса да, қазақстандық брендтермен салыстырғанда қазақшасы өте сауатты аударылған. Сөзбе-сөз аударма емес, өте сапалы жұмыс екені көрініп тұр""Чехияда Sinsay-ге кірдік. Бағалардың арасында теңге де көрсетілген екен. Кейінірек Франциядағы спорт дүкенінен гидрант алғанмын - сипаттамасында қазақ тілі болды""Бұл барлық қазақстандық брендке сабақ болсын""Қазақша жазу кімге арналған? Қазақстанда COS-тың иісі де сезілмесе? Әлде Еуропадағы қазақтар үшін бе?"
"Миланда Falconeri-ден сауда жасағанда, онда да заттаңбаларда қазақша жазулар болды""АҚШ-та Calzedonia-дан шұлық пен шомылу киімдерін жиі аламын. заттаңбалалардан әрдайым қазақ тілін байқаймын"
Бренд туралы не белгілі?
COS (Collection of Style) - H&M Group құрамына кіретін шведтік киім бренді. Ол 2007 жылы құрылған және әйелдер мен ерлерге арналған заманауи стильдегі минималистік киімдерге маманданған.Қазіргі уақытта Қазақстанда COS брендінің ресми монобрендті дүкендері жоқ.
Айта кетейік, жақында Zara-ның сатин шалбары әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен болатын. Сатып алушылар құлап, жарақат алғандарын, бұған модельдің ерекше пішімі себеп болғанын жаппай айтып жатты. Осыған орай стилист маманнан мұндай модельдің шынымен де қолайсыздық тудыруы мүмкін бе екенін, мұндай жағдайлардан қалай сақтануға болатынын және оны немен алмастыруға болатынын сұрап білген едік.