Нұрай Серікбайды өлтірді деген айыпталушы өмір бойына сотталды
"Кісі өлтіру", "Некеге тұруға мәжбүрлеу" және "Сталкинг"
Судья Саммидин Темиралиев Аймаханды Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша кінәлі деп танып, әр эпизод бойынша мынадай жаза тағайындады:
99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бойынша – өмір бойына бас бостандығынан айыру;
125-1-бап "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бойынша – 2 жылға бас бостандығынан айыру;
115-1-бап "Сталкинг" бойынша – 200 сағаттық қоғамдық жұмыс.
"Шерхан Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеу тағайындалсын", – деп төрағалық етуші судья үкімді оқыды.
Бұған дейін прокурор Мадияр Әбілқасымов сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.
"Аффект жағдайында болдым": сотталушы сотта не деді?
Алдыңғы отырыста 28 жастағы сотталушы Ш. А. Нұрайды ұрлау және аңду туралы айыптарды жоққа шығарған еді.
Ол қызбен қарым-қатынаста болғанын, оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс жасағанын, ал қайғылы оқиға болған күні жүзікті қайтарып, айырылысу үшін келгенін мәлімдеді.
Оның нұсқасы бойынша, Нұрай оған бірінші болып пышақ жұмсаған, содан кейін ол аффект жағдайына түсіп, оған қалай өлімші жарақат салғаны есінде жоқ екенін айтады. Сондай-ақ Ш. А. 2019 жылдан бастап басынан алған жарақатынан кейін психикалық ауытқуы барын мәлімдеді.
Сотталушының соттағы сөзі / Соттың онлайн отырысынан скриншот
Бір жарым сағат ішінде 76 қоңырау: бұған дейін не белгілі болды?
Бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыды, ол үш эпизодтан тұрады.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың жазында сотталушы Нұраймен танысып, күзде оны Алматыда ұрлап кеткен және некеге тұруға мәжбүрлеу үшін Түркістан облысындағы туыстарының үйіне апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен бірге оны үйіне қайтарып алған.
Бұдан кейін, тергеу деректері бойынша, ер адам қыздың соңына түскен: бірнеше күн ішінде оған 154-тен астам рет қоңырау шалып, Алматыдағы үйі маңында аңдып жүрген.
2026 жылғы 11 қаңтарда кешке Шымкентте Нұрайдың ата-анасының үйі маңында ер адам оған пышақ жарақаттарын салған. Қыз оқиға орнында көз жұмды, ал күдікті екі күннен кейін ұсталды.
Анықтама: Бұған дейін тергеу барысында күдікті тергеу изоляторынан Алматы облысының Ақтас ауылындағы мамандандырылған психиатриялық ауруханаға сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін ауыстырылған болатын . Сол кезде Нұрайдың туыстары күдікті психикалық ауытқуды желеу етіп, жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп қауіптенген. Бірақ сараптама күдіктінің есі дұрыс деп таныды.
Соттың онлайн-отырысынан скриншот
Іс хроникасы
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болды. Желіде тараған бейнебақылау камераларындағы жазбалардан ер адамның қызды аңдып жүргенін, қыз қашуға тырысып, қарсылық көрсеткенін, содан кейін ер адам оған пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткенін көруге болады. 13 қаңтарда күдікті – өңірдің 28 жастағы тұрғыны қаладан 10 шақырым жерде ұсталды.
Ұсталған адам туралы Нұрайдың ағасы Сұлтан бөліскен мәліметтер БАҚ пен әлеуметтік желілерде ашу толқынын тудырды.
Күдікті оның қарындасын тойда танысқан 2024 жылдың жазынан бастап аңдығаны белгілі болды. Қыз оның тым белсенді көңіл білдіруінен сыпайы түрде бас тартқан, бірақ қазанда ер адам түбегейлі әрекеттерге көшкен.
Алып қашу және даулы видео
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың жазында сотталушы Нұраймен танысқан, ал күзде оны некеге мәжбүрлеу мақсатында Алматыда ұрлап, Шымкенттегі туыстарының үйіне, кейін Түркістан облысына апарған. Сол кезде қыздың ағалары полициямен барып оны үйіне қайтарып алған.
Сұлтан Серікбайдың (марқұмның ағасы) айтуынша, ол оқиға орнына барғанда, Нұрай жылап, өзін алып кетуді сұраған, әрі ол жерде өз еркінен тыс жүргенін мәлімдеген.
Сондай-ақ сотта ағайындылар шақырту бойынша барған тергеуші сонда "бауырсақпен шай ішкенін" мәлімдеді, бұл уақытта қызды көрші бөлмеде ұстап отырған.
Анықтама: Тергеуші қазіргі уақытта жұмыстан босатылды.
Кейін дәл осы тергеуші Қаратау аудандық полиция басқармасының ғимаратында Нұрай Серікбайды жеке телефонына видеоға түсіріп алған. Бұл видеода қыз көлікке өз еркімен мінгенін және күдіктіге ешқандай талап-арызы жоқ екенін айтқан.
Осы оқиғадан кейін Нұрайдың туыстары полиция мен прокуратураға адам ұрлау және сталкинг дерегі бойынша үш рет арыз түсірген, алайда қылмыстық іс сол күйі қозғалмады. Бірнеше айдан кейін, 11 қаңтарда, қызды өлтіріп кетті.
Жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында полицияның әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент полициясының бастығы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылғаны, ал некеге тұруға мәжбүрлеу туралы істі тіркемеген қызметкерлерге қатысты салғырттық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады, оны Шымкент полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялады деген болжам бар.
Скриншот: видео/typicalkaz/Instagram
Отбасының адвокаты Сержан Нүрпейісов жәбірленуші тарап тергеу құпиясы бұзылғаны үшін ресми шағым түсіргенін хабарлады.
“Қызыма жолатпауға уәде бергенсің“: Нұрайдың әкесі сотта эмоциясын ұстай алмады
“Анашым, бұлай болғанын қаламадым“. Сотта Нұрайдың хаттары оқылды