Қылмыстық топ үйсіз адамдарға несие рәсімдеген: Қазақстанда 21 сотталушыға үкім шықты
Ақмола облысында сот 1,8 миллиард теңге сомасына банктік несиелер бойынша алаяқтық жасады деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 қатысушысына үкім шығарды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс Астана, Алматы, Көкшетау, Петропавл, сондай-ақ Ақмола және Алматы облыстарының тұрғындарына қатысты қаралды. Тағы бір фигурантқа іздеу жарияланғандықтан, оған қатысты іс жеке іс жүргізуге бөлінді.
Сот мәліметтері бойынша, 2019-2024 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері тұрақты тұрғылықты жері жоқ, сондай-ақ алкогольге немесе есірткіге тәуелді, сондай-ақ түрлі ауруға шалдыққан адамдардың атына банктер мен микроқаржы ұйымдарынан қайтарылмайтын несиелер рәсімдеп отырған. Қаскөйлер қарыз алу үшін алдын ала формальды негіздер жасаған.
Тергеу барысында ұйымдастырушылардың үшеуі қылмыстық схемаға жетекшілік еткені, түскен ақшаны бөліп, есеп жүргізгені, жәбірленушілерді іріктеп, қаражатты жымқыруға қатысқаны анықталды. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыстық топқа банк қызметкерлері де тартылған. Айыптау нұсқасы бойынша, олар жәбірленушілердің несие бюросынан алынған дербес деректерін беріп, несие рәсімдеуге кедергі келтіретін мән-жайларды жоюға көмектескен.
Сот 176 алаяқтық эпизодының нәтижесінде 49 банк пен микроқаржы ұйымына жалпы сомасы 1,8 млрд теңге көлемінде аса ірі мөлшерде залал келтірілгенін анықтады. Келтірілген залал өтелмеген.
Сотта сотталушылардың кінәсі өздерінің жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен, банктердің материалдарымен, ұялы телефон мәліметтерімен және өзге де материалдармен дәлелденді.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, кейбір жәбірленушілер психикалық бұзылыстар мен ақыл-ой кемістігіне шалдыққан. Сонымен қатар үш сотталушының психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар, сондықтан олар мәжбүрлеп емдеуді қажет етеді.
Жаза тағайындау кезінде сот кейбір сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының болуын, өкінуін және тергеуге жәрдемдесуін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Екі айыпталушыға қатысты қылмыстың қауіпті рецидиві ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Қылмыстық топтың үш ұйымдастырушысының әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрын сотталған тағы бір қатысушы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қалған фигуранттарға 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, төрт сотталушыға сегіз жыл бойы несие берумен байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Сондай-ақ сот сотталушылар мен үшінші тұлғаларға тиесілі 11 автокөлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды. Соттың нұсқасы бойынша, бұл мүліктер қылмыстық жолмен түскен ақшаға сатып алынған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ..