Қазақстандағы тұрғын үй кезегі: 14 қыркүйектен бастап не өзгереді?
2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап жылжымайтын мүлікте 50 және одан да көп пайыз үлесі бар қазақстандықтар тұрғын үй кезегіне тұра алмайды. Бұл есепке алынып қойғандарға қатысты емес. Тengri Нome осы күзде тұрғын үй заңнамасына тағы қандай түзетулер күшіне енетінін баяндайды.
"Отбасы банкі" қызметкерлері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік қолдау жүйесін әділетті әрі түсінікті ету мақсатында тұрғын үй заңнамасына түзетулер әзірледі. Олардың бір бөлігі 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап күшіне енеді:
1. Баспанасы апатты деп танылған қазақстандықтарға пәтерлерді жергілікті әкімдіктер береді. Бұл ретте олар кезекке Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы арқылы тұрады (orken.otbasybank).
2. Отбасы мүшелерінің құрамы кеңейтілді - енді олардың қатарына ерлі-зайыпты мен олардың балалары ғана емес, сонымен қатар ерлі-зайыптының ата-аналары, немерелері мен қамқоршылары да жатқызылады.
3. Меншігінде баспанасы жоқ немесе жалғыз жылжымайтын мүліктегі үлесі 50 пайыздан аз азаматтар тұрғын үйге мұқтаж деп танылады.
"Бұл дегеніміз, егер азаматтардың және олардың отбасы мүшелерінің меншігінде 50 пайыз және одан жоғары көлемде тұрғын үй үлесі болса, олар тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұра алмайды. Жаңа талап 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте өзгерістер тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған және 50 пайыз немесе одан да көп үлесі бар азаматтарға әсер етпейді", - деп түсіндірді банк.
4. Бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылықтың күші жойылған жағдайда, жетім балалар есепке қойылған бастапқы күнін сақтай отырып, кезекке қайта тұра алады.
5. Тұрғын үйді бөлу кезінде енді тек пәтердің ауданы ғана емес, отбасы құрамы да ескерілетін болады.
"Бұрын банк тұрғын үйді отбасының әрбір мүшесіне 15-18 шаршы метр есебінен бөлетін. Ереже солай болатын. Іс жүзінде банкте көпбалалы отбасылар үшін 90-100 шаршы метрден асатын пәтерлердің болмауы секілді қиындықтар туындады. Бөлу кезегі бойынша адам келіп тұрғанымен, ауданы сәйкес келетін баспана болмайтын жағдайлар кездесті", - деп түсіндірді "Отбасы банкі".
Қыркүйек айының ортасынан бастап тұрғын үй әр отбасы құрамына тиесілі бөлме санына қарай бөлінеді.
6. Ауылдық жерлерде жалдамалы тұрғын үй өтініштер бойынша бөлінеді.
"Яғни, ауылдық елді мекендерде тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған азаматтар жалдамалы баспананы өздері таңдап, дербес өтініш бере алады", - деп нақтылады банктің баспасөз қызметі.
7. "Отбасы банкі" кезекте тұрғандардың келісімінсіз түгендеу (инвентаризация) жүргізе алады.
"Қазіргі уақытта есепте тұрған азаматтардың 100 пайызының 70 пайызы ғана дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім берген, бұл өз кезегінде тұрғын үйді бөлудің жылдамдығы мен дұрыстығына айтарлықтай әсер етеді. Жаңашылдық тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәліметтерін өзектендіруге және баспананы нақты деректерге сәйкес бөлуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті "Отбасы банкі".
Қазақстанда тұрғын үй кезегінде не өзгерді?
Басқа да өзгерістер 2026 жылдың 27 шілдесінен бастап күшіне енді. Мысалы, ауданы/өңірі немесе шекарасы өзгерген елді мекендерде тұратын азаматтар үшін кезекке қойылған күн сақталады.
"Мәселен, азамат бұрын Алматы облысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған делік. Оның елді мекені Алматы қаласына қосылды. Демек, ол енді Алматы қаласында тұрғын үй кезегінде тұрады. Бұл ретте Алматы облысындағы бастапқы кезекке тұрған күні ескеріледі", - деп түсіндірді банк.
Тұрғын үйді бөлу кезінде енді кезекте тұрғандардың белгілі бір санаттарының болуы ескеріледі. Бұрынғы схема мынадай болатын:
Үйдегі пәтерлердің жалпы санының 20 пайызы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілуі тиіс;
50 пайызы - ардагерлерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, жесірлерге, көпбалалы отбасыларға;
қалған 30 пайызы - кезекте тұрған басқа азаматтарға.
Алайда көптеген өңірде квотаны сақтау үшін кезекте тұрғандардың мұндай санаттары жеткіліксіз болатын жағдайлар кездеседі. Мысалы, облыста ардагерлер қалмаса немесе жетім балалар болмаса, онда оларға қарастырылған пәтерлер саны басқа басым санаттағы азаматтар арасында бөлінетін болады.
Тағы оқыңыз:
Алматыда тұрғын үй мәселелері бойынша тегін кеңесті қайдан алуға болады?