ЕО компанияларды дипфейктерді таңбалауға міндеттейді
2 тамыздан бастап жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін компаниялар Еуропалық ЖИ туралы заңы бойынша жаңа міндеттемелерді орындауға тиіс. Құжат ЖИ көмегімен жасалған дипфейктер мен өзге де материалдарды тиісінше таңбалауды талап етеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz Euronews басылымына сілтеме жасап.
Осыдан екі жыл бұрын ЕО нейрожелілерді пайдалануды реттейтін ауқымды ережелер жиынтығын әзірлеген болатын. Бұл ережелердің орындалуын қадағалау үшін арнайы басқарма құрылды.
Әлемдегі алғашқы ЖИ туралы заң цифрлық контент үшін ашықтық режимін енгізеді: ол Anthropic компаниясының Claude және OpenAI компаниясының ChatGPT сияқты ЖИ жүйелерін әзірлеушілерге ЖИ арқылы жасалған немесе өзгертілген контенттің анықталуын қамтамасыз етуді міндеттейді.
Қағида қарапайым: адамдар контент ЖИ көмегімен жасалғанын немесе өзгертілгенін түсінуі керек. Сондықтан талаптар технологияларды әзірлейтін компанияларға да, ЖИ-ді кәсіби түрде пайдаланатындарға да қолданылады, ал жеке мақсатта пайдалану реттеу аясына кірмейді.
Еуропалық комиссия компаниялар мұндай контенттің шығу төркінін машинамен оқылатын белгілер арқылы, сондай-ақ дипфейктер үшін көрінетін таңбалар көмегімен қалай белгілеуі керектігін көрсететін ережелер жиынтығын жасап шықты.
Бұл ережелер тек таңбалауға ғана емес, сонымен қатар мұндай контентті анықтау механизмдеріне де қатысты. Бұл барлық тараптың: технология әзірлеушілерінің, әлеуметтік платформалардың, қоғамдық ұйымдар мен фактчекерлердің өзара іс-қимылын талап етеді.
Брюссель мұндай контенттің әрдайым алдау немесе адастыру мақсатында жасалмайтынын мойындайды: көркемдік, ғылыми құндылығы бар немесе сатиралық, юмористік сипаттағы материалдар белгіленген талаптардан тыс қалады.
Сарапшылардың ескертуінше, техникалық кемшіліктер мен ортақ стандарттардың жоқтығы нормалардың құқықтық қолданылуын қиындатуы мүмкін.
Заңды қолданудағы түрлі шектеулерге байланысты зерттеушілер тек бір технология жеткіліксіз болады деп есептейді. Компанияларға бірнеше әдісті біріктіретін көпдеңгейлі тәсілді қолдануға тура келуі ықтимал.