Алматыда Қытай шекарасындағы жер сілкінісі сезілді
Алматылықтар жер асты дүмпулері туралы хабарлап жатыр. Tengrinews.kz редакциясына қала тұрғындарынан қоңыраулар мен хабарламалар түсе бастады.
Қырғызстан мен Қытай шекарасында магнитудасы 4,6 болатын жер сілкінісі болды. Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жер асты дүмпулері 29 шілде күні Астана уақытымен 11:09-да тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 258 шақырым жерде және Қытайдың Ақсу қаласынан батысқа қарай 129 шақырым жерде орналасқан.
Өз кезегінде Қазақстанның ұлттық мәліметтер орталығы жер сілкінісінің Астана уақытымен 11:10-да болғанын хабарлады. Олардың мәліметінше, жер асты дүмпулерінің магнитудасы 4,7-ні құрады.
Қазақстан ТЖМ "Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін Астана уақытымен 11:09-да тіркегенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, жер сілкінісі ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде орналасқан.
Алматыдағы есептік қарқындылық 2 балды құрады. ТЖМ ақпараты бойынша, зардап шеккендер мен қираулар туралы мәлімет түскен жоқ.