Жабық психиатриялық ауруханада не болып жатыр? ДСМ тексеріс бастады
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің жағдайына қатысты шағымдардан кейін Жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада кешенді тексеріс жүргізеді, деп хабарлайды TengriHealth.
Ведомство мәліметінше, кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде мекемедегі пациенттердің жағдайына қатысты шағымдар жарияланды.
Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасы бойынша тексерісті Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізеді.
Нені тексереді?
Мамандар медициналық құжаттаманы, емдеу процесінің ұйымдастырылуын, пациенттердің болу жағдайларын, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерін, сондай-ақ ем қабылдап жатқан азаматтар құқықтарының сақталуын зерделейді. Тексеруге өзге де уәкілетті органдар, оның ішінде прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тартылады.
"Тексеру қорытындысы бойынша барлық келтірілген фактілерге объективті баға беріледі. Егер заңбұзушылықтар анықталатын болса, заңнамаға сәйкес тиісті ден қою шаралары қабылданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады", - делінген хабарламада.
Қазақстанда осы бейіндегі жалғыз мекеме
Денсаулық сақтау министрлігі бұл Қазақстандағы жіті бақылау жүргізілетін жалғыз мамандандырылған психиатриялық аурухана екенін атап өтті. Мұнда соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған пациенттер ем қабылдайды.
"Бұл қарапайым стационар емес. Мекеме бір мезгілде екі маңызды міндетті орындайды: ауыр психикалық бұзылыстары бар адамдарға мамандандырылған психиатриялық көмек көрсетеді және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді", - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство мәліметінше, мекемедегі пациенттердің 80 пайыздан астамы адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған.
Ауруханада ерекше емдеу-қорғау режимі қолданылады. Министрлік мәліметінше, бұл пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, емдеу, оңалту және психикалық денсаулықты қалпына келтіру үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар кешені.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда босандыру қызметін көрсететін барлық 69 ұйым тексерілетіні хабарланған болатын. Инспекторлар инфекциялық бақылау талаптарының сақталуын бағалап, аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейтуге назар аударады. Тексеру жұмыстары 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс.