АҚШ делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында демарш жасады
АҚШ дипломаттары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы кезінде Вашингтонның адам құқықтары мәселесіне қатысты ұстанымына айтылған сыннан кейін Франция өкілдері сөз сөйлеген сәтте залдан шығып кетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz РБК басылымына сілтеме жасап.
Оқиға АҚШ-тың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрктің өкілеттігін тағы төрт жылға ұзартуға қарсы шыққанынан кейін болды. Оның қайта тағайындалуын 144 ел қолдап дауыс берсе, он мемлекет, соның ішінде АҚШ қарсы болды.
Бұған дейін Францияның Женевадағы БҰҰ жанындағы миссиясы Вашингтонның шешімін сынап, АҚШ-тың "бір кездері адам құқықтарының шамшырағы болғанын", бірақ қазір Ресей, Солтүстік Корея, Никарагуа және Мали сияқты елдердің қатарынан табылғанын мәлімдеген болатын.
Бұған жауап ретінде АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісінің орынбасары Дэн Негреа Парижді "моральдық жағынан паңдануға" және басқа елдерге ақыл айтуға тырысады деп айыптады. Оның айтуынша, Вашингтон Франция көзқарасын өзгертпейінше, оның "саясиланған риторикасын" тыңдауға ниетті емес.
АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі Майк Уолтц та Францияның "адам құқықтарын ең нашар бұзушылардың кейбірін" қолдап отырғанын және АҚШ, Ұлыбритания мен Израильді қоса алғанда, демократиялық елдерді сынайтын адамға дауыс бергенін айтты.
Вашингтон мен Париж арасындағы шиеленіс Дональд Трамп әкімшілігі мен еуропалық одақтастар арасындағы ауқымды келіспеушіліктер аясында өрши түсті. Даулы тақырыптардың қатарында НАТО-ның болашағы, Америка әскерінің Еуропадағы қатысуының ықтимал өзгеруі және Трамптың альянс мүшесі Данияға тиесілі Гренландияға қатысты жоспарлары бар.
Францияның БҰҰ жанындағы елшісі Жером Боннафон Америка делегациясы кеткеннен кейін отырыста сөйлеген сөзінде бұл оқиғаға тікелей түсініктеме берген жоқ. Ол Францияның БҰҰ-ның халықаралық қауіпсіздік, адам құқықтары саласындағы жұмысын және ұйымның тәуелсіздігін сақтауды қолдауды жалғастыра беретінін мәлімдеді.