Алматылық танымал блогерлер жолдағы “шоу“ үшін жазаланады
Не болды?
Instagram-да 400 мыңнан аса, ал TikTok-та 2,3 миллион жазылушысы бар алматылық танымал блогердің парақшасында Ақтау көшелеріндегі түнгі серуеннің видеосы жарияланды.
Кадрлардан қыз жүріп бара жатқан көліктің жолаушылар отыратын жақтағы терезесінен сыртқа шығып тұрғанын көруге болады. Көрші жолақта қатар жүріп бара жатқан көлік терезесінен 2,4 миллион жазылушысы бар алматылық тағы бір танымал блогер қыз басын шығарып алған.
Көлік қозғалысы кезінде қыздар билеп, бір-бірімен сөйлесіп, видео түсірген.
@motashisan.n @Rixos Water World Aktau @Tetys Blu ♬ түпнұсқа дыбыс - ???????????????????? ????????????????????????
Блогерлер жауапқа тартыла ма? Полиция не дейді?
Маңғыстау облыстық полиция департаменті автокөлік жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
Жолаушы блогерлерге қатысты да тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.
"Жүргізушілердің жеке басы анықталды. Олар жолаушыларды тасымалдау кезіндегі жол қозғалысы ережесі талаптарын сақтамағаны, қозғалысты бастар алдында және маневр жасау кезінде сигнал беру талаптарын орындамағаны, сондай-ақ көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлікте болған жолаушылардың кім екені анықталды. Оларға қатысты да қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", – деп хабарлады ПД өкілдері.
Екі автокөлік те арнайы айыптұраққа қойылды.
Полиция қозғалыстың әрбір қатысушысы ережелерді сақтауға міндетті екенін, ал азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген құқықбұзушылықтың жолы кесілетінін ескертті.
Бұған дейін Петропавл полицейлері әлеуметтік желіге клип түсіру барысында жол қозғалысын өрескел бұзған екі блогер қызға айыппұл салған болатын.