Саин көшесіндегі арнайы жолақ: пилоттық жоба қашан аяқталады және одан кейін не болады?
Не болды?
20 маусымнан бастап Алматыдағы Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі учаскесінде пилоттық режимде автобустарға арналған арнайы жолақ іске қосылды.
Жоба іске қосылғаннан кейінгі алғашқы аптада әлеуметтік желілерде осы учаскедегі жол жағдайына қатысты жазбалар пайда болды. Атап айтқанда, 24 маусымда қарбалас уақытта көлік кептелісі, жекелеген жол ережесін бұзу деректері және бірнеше жүргізуші арасындағы жанжал бейнеленген видеолар жарияланға.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Tengri Almaty (@tengri.almaty) жарияланымы
Саин көшесіндегі арнайы жолақ жобасының мерзімі
Алматы әкімдігі пилоттық жобаның 20 тамызға дейін жалғасатынын айтты.
Осыдан кейін қала әкімшілігі қорытынды жасап, арнайы жолақтың алдағы уақытта не болатынын шешеді.
Бұған дейін әкімдік қозғалыстың қиындауына Боралдай ауылы жағынан келетін көлік ағынының артуы себеп болғанын түсіндірген еді.
"Қалыптасып жатқан көлік ағыны Рысқұлов даңғылымен қиылыстағы жолайрықтың өткізу қабілетімен шектеледі, соның салдарынан магистральдың бастапқы учаскесінде-ақ жоғары деңгейдегі жүктеме тіркеледі. Қосалқы жолдарда ұйымдастырылған арнайы жолақтың транзиттік бағыттағы өткізу қабілетіне әсері мардымсыз", - деп хабарлады Алматы әкімдігі маусым айының соңында.
Сондай-ақ әкімдік бұған дейін қазіргі жол желісіне көлік трафигінің көлеміне байланысты үлкен салмақ түсіп жатқанын атап өткен болатын.
Әкімдіктің бағалауынша, жол жағдайының өзгеруіне негізгі фактор - жаңа көлік дәлізінің ашылуы болды, соның нәтижесінде қозғалыс қарқындылығы мен қолданыстағы көлік тораптарына түсетін жүктеме артқан.
Саин көшесіндегі арнайы жолақтың тиімділігі қашан бағаланады
Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек көптеген автокөлік жүргізушілері үшін жаңа жолақ әлі де ыңғайсыз болуы мүмкін екенін атап өтті.
Оның пікірінше, мұндай өзгерістер бейімделу үшін уақытты қажет етеді. Ол Алматыдағы алғашқы арнайы жолақтардың да кезінде түрлі пікір тудырғанын, бірақ кейіннен қала инфрақұрылымының үйреншікті бөлігіне айналғанын еске салды.
Салтанат Әзірбек пилот іске қосылғаннан кейін жол жағдайы күн сайын талданып отыратынын хабарлады. Бұл ретте, әкімдіктің пилотты тамызда аяқтау жоспарына қарамастан, полиция алғашқы қорытындыларды тек қыркүйек айының ортасына қарай шығаруға болатынын мәлімдеді.
"Біз көлік ағыны көбейетін, сондай-ақ қоғамдық көлік жолаушыларының саны артатын жаңа оқу жылының басталуын күтеміз. Алғашқы тұжырымдарды қыркүйек айының ортасында жасауға болады деп ойлаймын", - деп толықтырды Әзірбек.
Сарапшы не дейді?
Урбанист Диас Маратұлы кептелістің пайда болуын тек автобус жолағымен байланыстыруға болмайтынын, өйткені Саин, Рысқұлов көшелері мен әл-Фараби даңғылы бұрын да Алматыдағы ең көп жүктеме түсетін жолдардың қатарында болғанын айтады.
Ол қалаға арнайы жолақтардың шынымен қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар, оның пікірінше, учаскелерді таңдау кезінде әзірге қоғамдық көлікке арналған әлеуетті тиімділіктен көрі, көлік трафигіне тигізетін әсері көбірек ескеріледі.
"Bus lane ұйымдастырудағы басты міндет - жеке автокөлік иелері үшін қолайсыздықты азайту емес, қоғамдық көлік пен арнайы техниканың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету. Көлік түрін таңдау кезінде адамдар әдетте үш критерийге сүйенеді: жылдамдық, жайлылық және құны. Егер осы өзгерістердің арқасында автобуспен жүру жеке көлікке қарағанда айтарлықтай жылдам болса, жайлылықтан уақытты жоғары қоятын көптеген адам қоғамдық көлікке ауысады", – деп атап өтті урбанист.
Неліктен арнайы жолақты бүкіл маршрут бойына ұйымдастыру керек болды?
Сарапшының пікірінше, арнайы жолақты жекелеген учаскелерде емес, әл-Фараби даңғылын қоса алғанда, кіші көлік айналымының бүкіл бойына ұйымдастырған тиімдірек болар еді. Оның айтуынша, Саин көшесі мен әл-Фараби даңғылы іс жүзінде біртұтас көлік дәлізін құрайды, сондықтан жобаны бірден бүкіл маршрут бойынша жүзеге асыру қисынды болар еді.
"Қазір әл-Фараби даңғылында арнайы жолақ жоқ, сондықтан автомобильдер жолдың бүкіл ені бойынша - үштен беске дейінгі жолақпен қозғалады. Содан кейін көлік ағыны Саин көшесіне шығады, онда арнайы жолақ пайда болып, жол тарылады. Нәтижесінде "бөтелке мойны" әсері туындайды.
Арнайы жолақты бүкіл маршрут бойына - Саин көшесіне, әл-Фараби даңғылына, Рысқұловқа және Шығыс айналма жолына енгізу керек еді. Бұл жеке көлік ағынын бүкіл көлік дәлізі бойынша біркелкі бөлуге және қоғамдық көлік қозғалысын жылдамырақ әрі болжамды етуге мүмкіндік берер еді", - деп есептейді Диас Маратұлы.
Сарапшы көлік айрықтарының маңындағы қозғалыстың ұйымдастырылуына да назар аударды. Оның айтуынша, Абай даңғылындағы, сондай-ақ Шаляпин және Жандосов көшелеріндегі айрықтардың алдында Сайын көшесіндегі арнайы жолақ үзіледі, соның салдарынан көліктер бұрылу үшін оны кесіп өтуге мәжбүр болып, қоғамдық көлікке кедергі келтіреді.
Урбанистің пікірінше, жағдайды неғұрлым ойластырылған таңбалау, қатар ауыстыру сызбасы, торлы ("вафли") таңбалау және қозғалысты бағдаршамдар арқылы реттеу есебінен жақсартуға болады.
Ол қоғамдық көліктің жайлылық деңгейі бойынша жеке автомобильмен бәсекелесуі екіталай екенін, бірақ жылдамдық есебінен тартымдырақ бола алатынын атап өтті. Сарапшының пікірінше, дәл осы жайт тұрғындардың бір бөлігін автобусқа ауысуға ынталандыруы мүмкін.
"Арнайы жолақтарды кептеліс ең көп болатын жерлерде жасау керек. Егер қоғамдық көлік әрқашан жеңіл көліктен айтарлықтай жылдам болса және адамдар бұған сенім артса, көбісі, әсіресе асыққан кезде автобустарға отыра бастайды", - деп түйіндеді сарапшы.
Бұған дейін Алматы әкімдігі қаланың бірнеше көшесінде қозғалысты ауқымды қайта ұйымдастыру жоспарын жариялаған болатын. Ұсыныстардың арасында Тимирязев көшесінде біржақты қозғалыс енгізу және автобус жолақтарын жолдың ортасынан оң жақ шетіне ауыстыру бар.