Алматыда көпқабатты үй тұрғындары жарықтың жиі өшетініне және 61 миллион теңге қарызға шағымданды
Алматыдағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары өздеріне еш қатысы жоқ миллиондаған теңгелік электр энергиясы қарызының тұтқынына айналуымыз мүмкін деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Редакцияға Алматыдағы "Адель" ТҮК тұрғындары электр энергиясының жиі өшуіне шағымданып жүгінді. Олардың айтуынша, басында қызмет көрсетуші компания жарықтың өшуін желідегі апаттармен түсіндірген. Алайда кейінірек, тұрғындардың сөзіне қарағанда, оларға электр энергиясының 61 миллион теңгеден асқан қарыз үшін өшірілетіні хабарланған. Сонымен қатар үй тұрғындары мұндай қарыздың барын жоққа шығарады.
"Үй осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Осы уақыт бойы біз түбіртектерді уақытылы төлеп келеміз, шоттарды бізге құрылыс салушыға тиесілі "Алем сити сервис" қызмет көрсетуші компаниясы жібереді. Мұндай қомақты қарыздың қайдан жиналғанын тіпті елестете алмаймыз", - дейді тұрғындар.
Тұрғындарды бәрінен де миллиондаған теңгелік қарыздың нақты кімге тиесілі екені туралы мәселе ашуландырады.
"Құрылыс салушылар бұл біздің қарызымыз дейді, бірақ біз бұл құрылыс салушының қарызы екеніне және оны қазір бізге ілмекші болып отырғанына сенімдіміз", - деген тұрғындар бұған дейін де жылу мәселесіне байланысты құрылыс компаниясымен дауласқандарын айтады.
Ол кезде де, адамдардың айтуынша, оларға жылу үшін қомақты қарыз есептелген.
"Бізге шаршы метрге байланысты қарыз ілді: біреуге - 70 мың теңге, енді біреуге - 200 мың теңге және одан да жоғары. Сонымен қатар жеке өзім түбіртектер бойынша дұрыс төлеп отырдым, ал қоныстанғаннан кейін бір жыл өткен соң маған кенеттен жылу үшін 78 мың теңге қарыз жазып берді. Мен төлеуге келіспей, шу шығардым, жан-жаққа жаздым, бардым, соңында қарызымды 10 мың теңгеге дейін азайтты. Қалайша? Егер бұл шынымен менің нақты қарызым болса, оны азайтпас еді ғой", - дейді үй тұрғындарының бірі сеніммен.
Пәтер иелерінің айтуынша, сол кезде олар жылу бойынша қарыз туралы банктік шоттары бұғаттала бастағанда ғана білген. Бұл ретте, тұрғындардың уәжіне сүйенсек, бұғаттау туралы шешімдер сот арқылы шығарылған, ал олар сот талқылаулары туралы тіпті білмеген де.
"Осылайша адамдарды қайдан келгені белгісіз түсініксіз қарыздарды төлеуге мәжбүрледі. Біз бұл да құрылыс салушының қарызы болды деп ойлаймыз, ол оны пәтер иелерінің есебінен жабуды ұйғарған. Қазір олар тағы да осы схема бойынша әрекет ете ме деп қорқамыз - бізге еш қатысы жоқ электр энергиясы үшін қарызды өтету үшін шоттарымызды бұғаттай бастайды", - деді "Адель" ТҮК тұрғындары.
Сонымен қатар тұрғындардың сөзіне қарағанда, мәселе тек қаржылық даумен шектелмейді. Бұл үйде өмірі электр желісіне қосылған оттегі аппаратына тәуелді сәбиі бар отбасы тұрады. Тұрғындардың сөзінше, жарықтың әр өшуі баланың отбасы үшін оның өмірі үшін нағыз күреске айналады.
"Кейде жарықты күндіз өшіреді, кейде түнде, бәрі ұйықтап жатқанда өшіреді. Біз жарықтың жоқтығын оттегі аппаратының дыбысынан білеміз. Жарық өшкенде, оттегі берілуі тоқтағандықтан, ол дыбыс шығара бастайды. Біздің баламыз үшін бұл - өмір мен өлім мәселесі. Аппаратсыз оның ағзасында оттегі жетіспеушілігі басталып, миы зардап шегеді. Бізде тасымалы баллон бар, бірақ жарық ұзақ уақыт болмаса, ол да таусылады", - дейді сәбидің әжесі.
Құрылыс салушы не дейді?
Құрылыс салушы - Qazaq Stroy өкілі тілшінің сауалына берген жауабында, үй тұрғындарының пікіріне қарамастан, құрылыс салушы тарапынан электр энергиясы бойынша ешқандай қарыз жоқ екенін хабарлады.
"Бүгінгі таңда қарыз ТҮК-нің жекелеген тұрғындарында бар", - деді компания өкілі.
Qazaq Stroy электр энергиясының өшуіне қатысты шағымдарға да түсініктеме берді.
"29 мамырда болған электр энергиясының уақытша өшуі үшінші тұлғалардың кінәсінен кабельдің зақымдалуына байланысты болды. Зақым анықталғаннан кейін құрылыс салушы ақауды жедел түрде өз күшімен жойып, электрмен жабдықтауды қалпына келтірді. Жарықтың өшуі құрылыс салушының қарызына байланысты болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды", - деді компания.
Қызмет көрсетуші ұйымның түсініктемесі
"Алем сити строй" қызмет көрсетуші компаниясы өкілінің ақпараты бойынша, электр энергиясының өшуі расымен де желідегі апаттарға байланысты болған. Алайда олар төлемдері кешіктірілген тұрғындардан электр энергиясы үшін қарызды өндіру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
"Өкінішке қарай, жекелеген меншік иелерінің қомақты қарызына байланысты коммуналдық қызметтер мен электр энергиясын уақытылы төлеп отырған тұрғындар да қолайсыздық көріп жатыр", - деді ұйым өкілі.
"Алем сити" мамандары төлемді уақытылы жасау қарыздың жиналуына және соған байланысты коммуналдық қызмет көрсетудегі шектеулерге жол бермеуге көмектесетінін еске салды.