Неліктен кофені микротолқынды пеште жылытуға болмайды?
Мамандар суып қалған кофені микротолқынды пеште жылытсаңыз, оның дәмі бұзылып қана қоймай, асқазанға да зиян тигізуі мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды Tengri Life тілшісі Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Жаңа демделген кофе пайдалы қосылыстарға бай. Мәселен, оның құрамында қуатты антиоксидант - хлороген қышқылы бар. Алайда, егер сусын тұрып қалып, оны қайта жылытсаңыз, хлороген қышқылы кофе және хин қышқылдарына ыдырап кетеді.
Соның салдарынан кофе анағұрлым өткір, ащы, қышқыл, тіпті аздап тұтқыр бола түседі. Ол ауыздың құрғауын тудыруы мүмкін.
Басылым ақпаратынша, мұндай жылытылған сусын асқазанды көбірек тітіркендіреді, әсіресе оны аш қарынға ішкен жағдайда.
Бір кесе кофеден үлкен қиындық туа қоюы екіталай. Бірақ қышқыл рефлюксінен зардап шегетін немесе ас қорыту жолдары сезімтал адамдарда қайта жылытылған кофеден кейін қыжыл пайда болуы мүмкін.
Кофені демдеп, суытып, қайта жылытқан кезде, ондағы табиғи қышқылдар ащылау әрі қышқылдау қосылыстарға ыдырайды. Әрбір жылыту циклі сусынды барған сайын қышқыл, ащы және асқазан үшін тітіркендіргіш ете түседі.