Ақтауда қызметтік көліктегі полицей баланы қағып өлтірді
Ақтаудағы аулалардың бірінде полиция қызметкері қызметтік көлікпен бір жарым жасар баланы қағып кетті. Салдарынан бала оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 13 мамырда 27-шағынауданда болған. Маңғыстау облыстық Полиция департаменті қызметтік көлік тізгінінде құқық қорғау органының қызметкері болғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, тұрғын үй маңындағы жолда жүргізуші кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Алған жарақаттары салдарынан бала оқиға орнында қаза болды.
"Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ департамент қаза тапқан баланың отбасына көңіл айтып, ведомство басшылығы тергеу барысын ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.
Басылымға бейресми дереккөз берген мәлімет бойынша, жүргізуші алкогольдік және наркологиялық куәландырудан өткен. Алдын ала мәлімет бойынша, оның бойынан алкоголь немесе психотроптық заттарды тұтыну белгілері анықталмаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін осыған ұқсас қайғылы жағдай Астанада болған еді. Тұрғын үй ауласында екі жасар баланы көлік қағып, бала мерт болды.