Қазақстандықтардың жеке деректері тарап кеткен: Цифрлық даму министрлігі не дейді?
Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау және тарату фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Схеманың егжей-тегжейі мен топтың ықтимал қатысушылары туралы журналистер цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннен сұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері Қазақстан азаматтарының дербес деректерін заңсыз жинады және таратты деп күдікке ілінген қылмыстық топтың әрекетін әшкерелегені хабарланған. Сатып алушылардың арасында микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар болуы мүмкін екені айтылды.
Күдіктілер туралы не белгілі?
Журналистер цифрлық даму вице-министрінен топқа нақты кімдер кіргенін және қаскөйлердің қазақстандықтардың жеке деректеріне қалай қол жеткізгенін сұрады.
Коняшкиннің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық егжей-тегжейін ашу әлі мүмкін емес.
"Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр, сәйкесінше, қазір ешқандай ақпаратты жария ете алмаймыз. Тергеу аяқталған соң тиісті ақпарат беріледі деп ойлаймын. Өкінішке қарай, қазір сіздерге ештеңе айта алмаймын", - деді цифрлық даму вице-министрі үкіметте өткен брифингте.
Деректердің таралу себептері мен ықтимал көздері
Сондай-ақ журналистер Ростислав Коняшкиннен қолданыстағы қорғаныс тетіктері неліктен қазақстандықтардың жеке деректерінің жаппай таралуына тосқауыл бола алмағанын және бұған мемлекеттік орган қызметкерлерінің қатысы бар-жоғын сұрады.
Вице-министр ХҚКО немесе өзге де ведомство қызметкерлерінің қатысы бар екендігі туралы алдын ала қорытынды жасаудың қажеті жоқтығын атап өтті.
"Мен бұл ХҚКО қызметкерлері деп нақтыламас едім. Жүйелердегі ақпаратқа қолжетімділік рөлдер бойынша бөлінеді. Егер біреу заң бұзса немесе деректерді заңсыз пайдаланса, оларға қатысты құқық қорғау шаралары жүргізіледі", - деді Ростислав Коняшкин.
Оның айтуынша, деректер тек ішкі жүйелер арқылы ғана емес, әртүрлі жолдармен жиналуы мүмкін.
"Дербес деректерді заңсыз жинау, соның ішінде, фишингтік сілтемелер, қоңыраулар, заңсыз сайттарға бағыттайтын және пайдаланушы деректерін жинайтын QR-кодтар арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ бұған дейін микроқаржы ұйымдары мен жеке ақпараттық жүйелерден жеке деректердің таралуы тіркелген болатын", - деп түсіндірді Коняшкин.
Не өзгертіледі?
Цифрлық даму министрлігі дербес деректерді қорғауды күшейту және жауапкершілікті қатаңдату бағытында жұмыс істеп жатқандарын мәлімдеді.
"Дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды белгілеп, оны бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Айыппұлдар қазірдің өзінде бірнеше есеге артты және бұл жұмыс жалғасатын болады. Жаппай жылыстауға әкеп соқтырған шараларды қолданбағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату мәселесі қарастырылып жатыр", - деді вице-министр.
Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оның нәтижелері туралы қосымша хабарлауға уәде берілді.