Мәжілісте дәрі-дәрмек бағасын реттеуді өзгерту ұсынылды
Мәжіліс депутаттары дәріханаларда сатылатын дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу қағидатын өзгертуді ұсынды. Олардың пайымдауынша, қазіргі тәсіл препараттардың қолжетімділігі мәселесін шешпейді, керісінше тапшылық пен бағаның ауытқуына әкеп соғады, деп хабарлайды TengriHealth.
Қолданыстағы жүйеде не жұмыс істемейді?
Денсаулық сақтау министріне жолданған депутаттық сауалды Ажар Сағандықова оқып берді. Ол бүгінде Қазақстанда жекелеген препараттардың шекті бағасын бақылау жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті. Алайда іс жүзінде бұл механизм күткен нәтижені бермей отыр.
"Негізгі мәселе - мемлекет түпкілікті бағаны реттейді, бірақ үстеме бағаның едәуір бөлігі қалыптасатын көтерме сауда буынын толық бақыламайды", - делінген сауалда.
Депутаттардың пікірінше, шекті бағаны реттеудің қалыптасқан жүйесінің нәтижесі - дәрі-дәрмек тапшылығы, ашық емес және түсініксіз баға.
"Халық қарапайым әрі жанға бататын шындықпен бетпе-бет келіп отыр: дәрі-дәрмек не мүлдем жоқ, не бағасына байланысты наразылық тудырады".
Дәріханалар қысым астында
Депутаттардың пайымдауынша, азаматтардың негізгі наразылығы дәріханаларға бағытталған, бірақ олар препараттардың түпкілікті құнын өз бетінше белгілемейді.
"Мемлекеттік органдар жауапкершіліктен қашып, фармацевттердің тасасына тығылады. Соның салдарынан, тапшылық пен бағаның ауытқуы азаматтарды дәрі-дәрмекті заңсыз айналымнан - сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдіксіз сатып алуға итермелейді. Ал тәуелсіз дәріханалар осал жағдайда қалып, бұл олардың нарықтан біртіндеп ығысуына әкеп соғады", - делінген депутаттық сауалда.
Мәжілісмендер дәрі-дәрмекті кәдімгі тауар ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Бұл әлеуметтік маңызы бар санат, сондықтан реттеудегі қателіктер халыққа тікелей әсер етеді.
Депутаттар не ұсынды?
Осыған байланысты Ажар Сағандықова өз фракциясы атынан реттеудің жаңа моделіне көшуді ұсынды.
Ол бірнеше қадамнан тұрады:
препараттарға шекті баға белгілеудің орнына, өндіруші бағасынан шекті көтерме үстемені белгілеу;
дәрі-дәрмектің құны мен әлеуметтік маңыздылығына байланысты үстемені саралау;
көтерме сауда буынының ашықтығын және өндіруші бағасының цифрлық мониторингін қамтамасыз ету.
Сондай-ақ депутаттар Парламентке жаңа модельге көшудің нақты кезеңдері мен мерзімдері көрсетілген іске асыру жоспарын ұсынуды сұрайды.Бұған дейін Қазақстанда кейбір дәрі-дәрмекті интернетте сатуға тыйым салынуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда комадағы пациенттердің отбасылары үшін маңызды норма қабылданды