Ит салығы: үкіметте депутаттың ұсынысына жауап берілді
Үкімет Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың ит иелеріне салық енгізу туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкіметте өткен брифингте Ұлттық экономика және Қаржы вице-министрлерінен Қазақстанда мұндай салықтың пайда болуы мүмкін бе және елде тіпті үй жануарларының толыққанды есебі жоқ кезде мұндай бастаманы қалай жүзеге асыруға болатыны туралы сұралды.
"Мұндай ұсыныс расымен де болды, бірақ кез келген ұсыныс, әсіресе жаңа салық түрін енгізу терең талдауды қажет етеді. Мұнда, біріншіден, талқылау керек екені түсінікті. Екіншіден, бұл салықтың мақсаты - иттерді күтіп-баптау, меніңше, қаңғыбас иттердің санын азайту болуға тиіс. Ал бұл жағдайда салық қосқан кезде, керісінше, ит асырамауға итермелейтіндей болып көрінеді. Себебі ол үшін салық төлеу керек қой. Сұрақ көп, талқылайық", - деп жауап берді ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин.
Ол жаңа Салық кодексін қабылдау кезінде үкімет алдында салықтар санын азайту міндеті тұрғанын еске салды.
"Біз оларды 30 пайызға қысқарттық, яғни жаңа салық қосудың мақсатқа сәйкестігі шамалы, өйткені біз жүргізіп отырған саясат... Бір жағынан қысқартып, екінші жағынан бірден жаңасын қосу...", - деді Әмрин.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл мәселе бойынша Қаржы министрлігінің ұстанымы ұқсас екенін атап өтті: әкімшілендірудің жаңа механизмін енгізу өте қиын.
"Барлық иттің есебін жүргізіп, мезгіл-мезгіл түгендеу жұмыстарын жасау керек. Негізгі мақсатымыз не екенін түсінуіміз қажет. Қаржылық құрамдас бөлікті ұлғайту ма? Үй жануарлары арқылы салық базасын арттыру деген міндет алдымызда тұрған жоқ. Ал егер үй жануарларының санын көбейтуге ынталандыру туралы айтар болсақ, бұл кері әсер ететін (демотивациялық - ред. ескертпесі) жүйе болуы мүмкін. Сондықтан оң және теріс тұстарын саралау керек. Әзірге мұндай бастаманы қолдау мәселесі күн тәртібінде жоқ", - деді Ержан Біржанов.
Еске сала кетейік, өткен аптада Мәжіліс жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша түзетулер қабылдады. Құжатты талқылау барысында депутат Магеррам Магеррамов үкіметке жүгініп, Еуропа елдерінің үлгісімен ит иелеріне салық енгізу туралы ұсыныс айтқан.